«LRT-ның орнына этнопарк салуды көздедім»: Елорда билігіне мектеп оқушысы ұсыныспен шықты
Әкімдікке осыған дейін 400-ден аса ұсыныс түсіпті
Атышулы LRT-ның бағаналарын не істерін білмей бас қатырған елорда билігіне мектеп оқушысы ұсыныспен шықты. Шетелдік олимпиадаларға қатысып жүрген бозбаланың жобасы да дайын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
«Жемқорлықтың символы болған бетон бағаналарды қайтпек керек?» деген сұраққа белгілі сәулетшілер мен урбанистер де жауап іздеп жатыр. Бірі сүріп тастау арзан десе, енді бірі мемлекеттің миллиардтары жұмсалған құрылысты көпшіліктің қажетіне жарату қажет деп есептейді.
Мектеп оқушысы Нұртөре Арнұрұлы LRT-ның бітпей қалған құрылысына бейжай қарамай, көптен бері толғанып жүр. Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сыныбын бітірген бала бетон бағаналардың үстін, айналасын саябақ, кітапхана, музейге айналдырғысы келеді. Жобасы да дайын.
«Мен жобамды "Қара шаңырақ" деп атадым. Бұл жобада мен қазіргі ЛРТның мұнараларының орнында этнопарк салуды көздедім. Ол этнопаркте жастар және қала тұрғындары қазақтың мәдениетімен таныса алады. Қала тұрғындарына және қонақтарына қазақтың мәдениетіне тағы да жақынырақ көмектесетіндей жоба», - дейді оқушы Нұртөре Арнұрұлы.
Сақалды құрылыстың енді соңына дейін жетпейтініне сәулетші Ғалым Илипов те сенімді. Сондықтан оны шағын бизнеске беруді ұсынады. Ол үшін бағаналардан ертоқым іспетті ғимарат салауды ұсынып отыр. Сәулетшінің сызбасы бойынша, ғимарат іші қысы-жазы жасыл бақ болмақ.
LRT салудың өзі үлкен қателік болғанын жыл басында президенттің өзі айтқан. Бұл ретте мемлекет басшысы урбанистерге көп үміт артты. Бірақ мұндай алып, үлкен әрі аяқталмаған дүниені көрмеген отандық мамандар не істерін білмей отыр.
Әкімдікке осыған дейін 400-ден аса ұсыныс түсіпті. Бірақ бәрі мейрамхана, қыдыратын ойын-сауықтан аспай жатыр дейді мамандар. Мемлекеттің алты миллиард доллары жұмсалған жобаға әлі талай миллиард қажет. Қазір тіпті әкімдікте шетелден урбанистер жалдап жұмыс істетуге ақша жоқ.
Құрылысты бастап аяқсыз қалдырғандардың алды түрмеде отыр. Ал миллиардтарды қалтаға басқан негізгі фигуранттар шетелде қашып жүр. «Астана-LRT» ұлттық компаниясының басшылары мен экс-шенеуніктерге құзырлы органдардың құрығы жетер емес. Онсыз да жайдарлы күні сирек, бұлтты күні көп астананың сиқын сұп-сұр бағаналар тіпті қашырып тұр. Әуежай мен вокзалдың ортасын жалғайтын жеңіл рельсті көлік желісінің құрылысына елордалықтар әу бастан секеммен қараған. Құрылыс сол күйі аяқталған жоқ. Ал жуық арада қала билігі бір шешімге келмесе, Қазақстан ғана емес, әлемдегі ең танымал жемқорлыққа қойылған ескерткіш болуы әбден мүмкін.