Азаматтар шығынын азайтуы қажет – Әлібек Қуантыров
Қазір ел тұрғындары табысының тең жартысын азық-түлікке жұмсайды
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қазақстандықтарға артық шығынды қысқарту туралы кеңес берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазір ел тұрғындары табысының тең жартысын азық-түлікке жұмсайды. Ал үкімет дүкен сөресіндегі сол шарықтаған бағаны бағындыра алмай отыр.
«Бұл тек біздің ғана, әлемнің бас қатырып отырған мәсәлесі» деп ақталды министр. Дүние жүзін жаулаған қымбатшылыққа коронавирус пандемиясы себеп болған. Өйткені індет жайлаған кезде әлем елдері шекарасын уақытша жапқан еді. Бірақ ауру бәсеңдеп, мемлекеттер қақпасын ашса да, әлемдік экономика әлі аяққа тұра алмай жатыр. Оған Украинадағы жағдайдан кейін ушыққан геосаяси мәселе қосылды.
Ұлттық экономика министрі бұл қымбатшылық уақытша деп сендіріп отыр. Ал әзірге азаматтардың «Тарта жесең тай қаладыны» деп өмір сүргені жөн дейді Әлібек Қуантыров.
«Шама келсе, азаматтар артық шығынды қысқартқаны жөн. Біз бұрын да мұндай кезеңнен өттік. Өкінішке қарай, экономика тізбекті. Мұндай сұрақтар қайталанып тұрады. Біз қазір инфляцияның шарықтау шегінде емеспіз. Ол 2015-2016 жылдары өтіп кеткен. Екі-үш ай бұрынғы уақытпен салыстырғанда жағдай анағұрлым тұрақталды. Ары қарай да күте тұру керек», - дейді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.