ШҚО-дағы Маховка өзенінде балық қырылды
Мекемеге тиесілі тазарту қондырғысының сорғышы істен шыққан
Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауданындағы Маховка өзенінде балық қырылды. Бұл туралы ШҚО Экология департаменті баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметіне сүйенсек, Солнечный кентінің тұрғындары Маховка өзенінде балық қырылғанын көріп, дабыл қаққан. Оқиға орнына департамент мамандары шұғыл жеткен. Олар жағалауды шолып, химиялық талдау үшін судан сынама алды.
Белгілі болғандай, балық осыдан бір апта бұрын қырылған. Глубокое аудандық ветеринариялық инспекциясының қызметкерлері өлі балықты жинап алды.
«Бұған дейін бізге «Таза Өскемен» мекемесінің Маховка өзенін ластағаны жайлы арыз түскен еді. Соған орай кәсіпорынға жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Анықталғандай, 20 мамырда мекемеге тиесілі тазарту қондырғысының сорғышы істен шыққан», - делінген ақпаратта.
Соның салдарынан су қоймасына лай қоспалары бар су төгілді. Сол үшін «Таза Өскемен» КМК-ге 9 700 344 теңге мөлшерінде айыппұл салынып отыр.