Шымкентте төбелес кезінде балта ала жүгірген ер адам ұсталды
Жанжал қайғылы жағдайға айнала жаздаған
Ер адаммен ұрсысқан Шымкент тұрғыны оған балта ала жүгіріп, өлтіремін деп қорқытқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық ұланның сарбаздары оның қолындағы қауіпті затты қағып түсіріп, жанжалдасқан екеуді полиция бөлімшесіне жеткізді.
Оқыс оқиға 10 маусымда "Восток" ықшам ауданында орын алды. Нарядтағы сарбаздар жанжалдасқан екі адамды байқайды. Себебін анықтау үшін оларға жақындағанда, бірінің балта ала жүгіргенін көреді. Сарбаздар ер адамның қолындағы қаруын қағып түсіріп, оны залалсыздандырды.
«Біз патрульдеу бағыты бойынша көшені аралап келе жатып, екі азаматтың қоғамдық тыныштықты бұзып, жанжалдасып жатқанын байқадық. Жанжал қайғылы жағдайға айнала жаздады, біздің араласуымызға тура келді», - деді патрульдік топтың бастығы Оразхан Орынбасар.
Аталған факті бойынша тәртіп бұзушылар ұсталып, жағдайды анықтау үшін олар Еңбекші аудандық полиция бөліміне жеткізілді.