Павлодарда студенттерге үлгі көрсетемін деген жас ұстаз өзенге батып кетті
Марқұм ұстаз колледждің 1-2 курс студенттеріне далалық-әскери жиын өткізіп жүрген
Павлодарда Усолка өзенінен жүзіп өтпек болған мұғалім суға батып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары Олег Трещев мәлімдеді.
"Усолка өзеніне Торайғыров университеті жоғары колледжінің ұстазы суға батып кетті. Ол колледж оқушыларын өзенге апарған. Өзінің суда жақсы жүзетінін көрсетпек болған. Өзенді жүзіп өтем деп күші жетпей қалған", – деді Олег Трещев.
Спикердің айтуынша, марқұм ұстаз колледждің 1-2-курс студенттеріне далалық-әскери жиын өткізіп жүрген.
"Ол жиын тек колледждің аумағында өту керек болған. Алайда ұстаз өзі бастама тастап, өзенге барған. Марқұм 23-24 жастағы жас ұстаз еді", – деді спикер.
Қазіргі уақытта аталған факт бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.