Павлодарда Усолка өзенінен жүзіп өткісі келген жас ұстаз батып кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Марқұм ұстаз колледждің 1-2-курс студенттеріне далалық-әскери жиын өткізіп жүрген

Фото: pavlodarnews.kz

Қайғылы жағдай 31 мамыр күні болды. Бұл туралы Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары Олег Трещев мәлім етті, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

«Усолка өзенінде Торайғыров университеті жоғары колледжінің ұстазы суға батып кетті. Ол колледж студенттерін өзенге апарған. Өзінің суда жақсы жүзетінін көрсетпек болған. Өзенді жүзіп өтемін деп күші жетпей қалған», - деді Олег Трещев.

Спикердің айтуынша, марқұм ұстаз колледждің 1-2-курс студенттеріне далалық-әскери жиын өткізіп жүрген.

«Ол жиын тек колледждің аумағында өтуі керек болған. Алайда ұстаз өзі бастама тастап, өзенге барған. Марқұм 23-24 жастағы жас ұстаз еді», - деді Олег Трещев.

Қазіргі уақытта аталған факт бойынша тергеу жүргізілуде.