Тұрғындардың бірі аулада есірткі затына ұқсас өсімдік өсіп тұрғанын байқап, полицияға хабар берген
Түркістан облысының полиция қызметкерлері ауласында есірткі өсірген ер адамды анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Шардара аудандық полиция бөліміне тұрғындардың бірінен хабарлама келіп түскен. Онда ер адам Шардара қаласының тұрғыны үйінің ауласында есірткі затына ұқсас өсімдік өсіп тұрғанын айтқан.
«Тәжірибелі тәртіп сақшыларының жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдікті тұрғынның ауласынан 6 түп есірткіге ұқсас өсімдіктің өсіп тұрғаны анықталды. Полицейлер алынған есірткіге сот-сараптама тағайындап, «қарасора» болып шықты», - деп көрсетті Түркістан облыстық Полиция департаменті.
Полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 300-бабы 1-бөлігі «Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру» бойынша тіркеуге алды.
Анықталғандай ер адам есірткі өсімдігіне ұқсас затты өзі тұтыну үшін еккен. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.