Теңіз бен Қашағандағы бірлескен жобалар талқыланды

Автор: Azattyq Rýhy

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев ExxonMobil корпорациясының аға вице-президенті Нил Чапманмен кездесті

Алдымен басқарма төрағасы ExxonMobil корпорациясымен ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан тиімді ынтымақтастық үшін алғыс айтып, алдағы уақытта да берік байланыс орнатыларына сенім білдірді.  Кейін қос тарап екі кен орнындағы бірлескен жобаларды талқылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Айталық, қазіргі уақытта Теңіз кешенінде біріккен жоба – Болашақ кеңейту жобасы мен Сағалық қысымды басқару жобасы іске асуда. Бұл өз кезегінде мұнай өндірісін жылына 12 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ел Үкіметі мен  «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жоспарлы істің орындалып, жоғары өнімділікке жету мәселесіне баса назар аударып отыр. Сол сияқты қазір кен орнында қызмет атқаратын білікті мамандарды кейін тұрақты жұмыспен қамту жайын да тыс қалдырған жоқ.

 "Болашақ кеңейту жобасы – Сағалық қысымды басқару жобасында еңбек етіп жүрген қызметкерлерді биыл және келесі жылы демобилизациялау кезінде әлеуметтік тұрақтылықты сақтау аса маңызды. «Теңізшевройл» компаниясы бұл бағытта қолдау көрсетіп, бірлескен тығыз жұмыс атқарылады деген сенім мол", - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Сонымен қатар, Басқарма төрағасы 2033 жылы келісімшарт кезеңі аяқталған соң Теңіз кен орнын одан әрі игеру жайын қозғады. Мұнай өндіру деңгейін алдағы уақытта да сақтау үшін бірқатар жолдарды саралап, зерттеуді ұсынды.

Қос тарап Қашаған кен орнындағы Солтүстік Каспий жобасына қатысты өзекті мәселелерді талқыға салды. Басқарма төрағасы кен орнын игерудің кейінгі кезеңдері бойынша тұжырымдама таңдау қажеттігін еске салды. Осы орайда 2041 жылдан кейінгі өндіріс циклі де ескерілуі керек.

Кездесу барысында Солтүстік Каспий жобасында қазақстандық өнімдердің көлемін одан әрі арттыру, еліміздің техникалық, басқарушылық кадрларын бірлесіп дайындау мәселелері де қозғалды.