Әділеттілік пен ашықтықты қалаған халықтың сұранысы орындалды деуге болады – Нұржан Жетпісбаев

Azattyq Rýhy

Ол жастармен байланыс орнатуды партия да, партияның Жастар қанаты да жолға қойғанын айтып өтті

Әділеттілік пен ашықтықты қалаған халықтың сұранысы орындалды деуге болады – Нұржан Жетпісбаев
Фото ашық дереккөзден

«AMANAT» партиясы жанындағы Жастар қанатының жетекшісі Нұржан Жетпісбаев Мемлекет басшысының референдумды жариялап, өткізуі халықтың үніне құлақ асу екенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ата Заңға өзгерістер енгізу бойынша жалпыхалықтық референдум өтіп, нәтижелері шықты. Көрсеткіштер бойынша халықтың белсенділік танытқаны көңіл қуантады. Үйде немесе басқа жерде бұғып қалмай, елдің болашағын шешуші сәтте өз азаматтық көзқарастарын таныта білді. Ел азаматтарының саяси сауаттылық деңгейінің едәуір көтерілгендігін референдум нәтижелеріне қарап айтуға болады.

Мемлекет басшысының осы референдумды жариялап, өткізуі халықтың үніне құлақ асу. Әділеттілік пен ашықтықты қалаған халықтың сұранысы орындалды деуге болады. Әрине, бұл бастамасы – толыққанды демократияландыруға апарушы қадамдар.

Өзгерістер мен түзетулер енді, Жаңа Қазақстандамын деп ойлау да қателік. Дайын күйінде бола салатын дүние жоқ. Тұтас елдің Конституциясын қас-қағым сәтте өзгерте салу оңай жұмыс емес. Референдум нәтижелеріне сүйене отырып, сарапшы мамандардың пікірін ескеріп, барлығы түгелдей сүзгіден өтпек. Парламент тарапынан керекті шаралар қабылданып, заңнамаларды талапқа сай бекітуді күтеміз. Аталған процестердің бүкпесіз жүзеге асырылуын халық күтуде. Оның ішінде, жастарымыздың алар орны ерекше екенін де ұмытпаған жөн. Жастар – Жаңа Қазақстанды қолдайды, оған сенері сөзсіз. Екінші Республиканы қалыптастыруда жастар негізгі тетік болып табылады», - деп жазды Нұржан Жетпісбаев Facebook парақшасында.

Ол сөзін жалғап жастардың талабына сай болу үшін олармен өзара байланыс орнатуды партия да, партияның Жастар қанаты да жолға қойғанын айтып өтті.

«Еліміздегі ең ірі саяси күш ретінде партия референдум бойынша жан-жақты түсіндірме жұмыстарын өткізді. Аймақтардағы тұрғындар, әр саланың жұмысшы өкілдері, түрлі санаттағы жастардың белгілі үлесінің референдумнан хабардар болуы – партияның non-stop режимінде жұмыс жүргізгендігі деп санаймын. Жас депуттар корпусы ауыл-аймақтарда түсіндіру, ал Жастар қанаты жанындағы «Kenes Ortalygy» жобасы аясында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, 500 мыңнан астам жасты қамтығанын атап өткен жөн.

«Заманына қарай заңы, тоғайына қарай аңы» деп қазақ атамыз мақалдап бекер айтпаған. Елдегі соңғы орын алған жағдайлар – Жаңа Қазақстан концепциясының туындауына алып келді.

Кезек күттірмейтін заманда, қойылған міндетті абыроймен атқаруда біріге жұмыс істейік», - деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.