Яндекс, Uber, Wolt және Glovo жұмысшыларына әлеуметтік кепілдік беріледі
Министр жыл соңына қарай заңға қажетті өзгерістер енгізілетінін айтты

Елімізде 500 мыңға жуық азамат платформалық жұмыспен қамтылған. Алайда оларға әлеуметтік тұрғыда ешқандай кепілдік берілмейді. Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәселені жыл соңына дейін шешуге уәде берді. Бұл туралы ведомство басшысы Тамара Дүйсенова бүгінгі Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Министр халықты жұмыспен қамтудың қосымша шаралары туралы баяндамасында платформалық жұмыспен қамтуды тану және заңдастыру мәселесін көтерді.
«Сараптамалық мәліметтерге жүгінсек, Қазақстанда 500 мыңға дейін адам платформалық жұмыспен қамтылған. Яғни, азаматтар Яндекс, Uber, Wolt және Glovo сияқты түрлі онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейді. Мұндай режим тұрғындарға ыңғайлы екені сөзсіз. Алайда оның басты кемшілігі – жұмыспен қамтылғандар үшін әлеуметтік кепілдіктің жоқтығы. Бір сөзбен айтқанда, ондай азамат жұмыссыз қалса немесе жүктілігіне және балалы болуына байланысты жұмысын тоқтатса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қажетті әлеуметтік төлем ала алмайды. Осыған байланысты, бұл азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту үшін онлайн платформалардың негізгі операторларымен кездесулер өткіздік. Олармен бірге биылғы 1 шілдеден бастап қамту схемаларын пилоттық режимде жүргізу туралы шешім қабылдадық», - деді Тамара Дүйсенова.
Министрдің сөзіне сенсек, осы жылдың соңына қарай заңға қажетті өзгерістер енгізіліп, бұл мәселе тиісті шешімін табады.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пилоттық жобаға қолдау білдірді.
«Онлайн платформаға қатысты пилоттық жобаны қолдаймын. Бюрократия және басқа да кедергілердің бәрін алып тастау қажет. Азаматтар кез келген платформаны еркін таңдап, жұмыс істеуі керек. Сондай-ақ тиісті тәуекел туындаған кезде өздерінің әлеуметтік жағынан қорғалатынын білуі керек», - деді Премьер-министр.