Қазір 29 сарбаз Нью-Дели қаласында дайындалып жатыр
Үндістан елінің өкілдерімен бірлескен «Ливандағы БҰҰ уақытша күштері» бітімгершілік миссиясын орындау бойынша әскери қызметшілерді даярлау басталды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Қазіргі таңда құрамында 29 әскери қызметшісі бар қазақстандық бітімгершілік полкінің төртінші ротасы Үндістандағы Нью-Дели қаласында. Олармен бір ай бойы дайындық бойынша сабақтар өткізіледі. Мәселен, бекеттер блогында және бақылау пункттерінде қызмет атқару, базаны күзету және жаяу тәртіпте және автомобиль техникасында патрульдеу бойынша сабақтар», - делінген министрліктің ресми сайтында.
Министрлік хабарлағандай, оқу барысында БҰҰ-ның ұйымдастырылуы мен құрылымы, Ливан республикасының географиялық орналасуы және миссияны орындау кезінде бітімгершілік күштерінің контингентін басшылыққа алатын негізгі нормативтік-құқықтық актілер қаралып, түсіндіріледі.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы мамыр айында Ливанға «Ливандағы БҰҰ уақытша күштері» бітімгершілік миссиясын орындау үшін 4-ші бітімгершілік ротасы аттанады. Қазақстандық рота бітімгершілік миссиясын орындау үшін Үндістан батальоны құрамында болады.