$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

2025 жылы Қазақстанда газ тапшылығы болуы мүмкін – Энергетика министрі

Ел ішінде газды тұтыну тұрақты түрде өсіп келеді

2025 жылы Қазақстанда газ тапшылығы болуы мүмкін – Энергетика министрі
Фото: 24 Канал

2025 жылға қарай Қазақстанда газ тапшылығы болуы мүмкін. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Елдегі газ саласын дамытудың негізгі тежеуші факторы – бағаны тежеу саясаты. Осыған байланысты 2025 жылға қарай отандық газдың тапшылығы және импорттық ресурстарға тәуелділік туындауы мүмкін. Ел ішінде газ тұтыну тұрақты түрде өсіп келеді.

2017 жылдан бастап 2021 жылды қоса алған кезеңде тұтыну 13,8-ден 18,6 млрд м3-ге дейін 4,8 млрд м3-ге өсті. Газ тұтыну өсімі шамамен 35% немесе жыл сайын орта есеппен 7%-ды құрады», - деді министр.

Сондай-ақ ұлттық оператор – «QazaqGaz» басшысы Санжар Жаркешов 2023 жылы елде газ экспорты тоқтауы мүмкін екенін де жасырмады. Ал министр «газ қоры бойынша Қазақстан әлемде 22-орында, ал ТМД елдерінің арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейін 3-орында» екенін алға тартты.

«Қазіргі уақытта ресурстық базаны кеңейту үшін Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытының 1-кезеңін үш кезекпен (1, 2 және 6 млрд м3) салу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ол 2030 жылға қарай тауарлық газдың өсімін 6,2 млрд м3-ден асыруға мүмкіндік береді. 2021 жылғы маусымнан бастап қуаты 1 млрд м3 жобаның бірінші кезеңі бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Бірінші кезең 2024 жылдың басында іске қосылуы мүмкін», - деді Болат Ақшолақов.

Серіктес жаңалықтары