Ерлан Қошанов: Мемлекеттік рәмізге деген құрмет – туған өлкеге деген сүйіспеншілікті білдіреді

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгін халқымыз үшін ерекше күн – мемлекеттік рәміздеріміздің 30 жылдық мерейтойы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақстандықтарды осы айтулы мерекемен құттықтап, елордада бас байрағымызды көтеруге арналған салтанатты рәсімге қатысты. Игі дәстүр бойынша ең үздік курсанттарға әскери шен тапсырды», - деп жазды Мәжіліс төрағасы facebook желісіндегі парақшасында.
«Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал, Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні», – деді Президент.
«Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіз Қазақстанымыздың бүкіл болмыс-бітімін, жұртымыздың рухы мен қаһармандығын, болашаққа деген сенімі мен ұмтылысын әлемге әйгілеп келе жатқан қастерлі нышандар. Әр азаматтың мемлекеттік рәмізге деген құрметі – оның туған өлкеге деген сүйіспеншілігін білдіреді. Сондықтан мемлекетіміздің мерейін асыратын, абыройын арттырып, мәртебесін биіктететін көк туымыз көкте желбіреп, әнұранымыз асқақтай берсін! Баршаңызды осы жарқын мерекемен құттықтай отырып, әр шаңыраққа шаттық, елімізге тыныштық пен амандық тілеймін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!», - деді Ерлан Қошанов.