Референдум арқылы қабылданатын өзгерістер әділдік пен еркіндікке бағытталған – Ерлан Қошанов
Мәжіліс төрағасы еліміздің бүгінгі таңда тағы бір тарихи кезеңге өтіп жатқанына тоқталды
«Бүгінгі референдумның мәні, маңызы өте жоғары деңгейде». ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов «Хабар» арнасының тікелей эфирінде өткен «Референдумға барамын» телемарафонында осылай деді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс төрағасы бүгінгі жасалып жатқан реформалардың тарихи мәні туралы айта келіп, еліміздің бүгінгі таңда тағы бір тарихи кезеңге өтіп жатқанына тоқталды.
«Бұл реформалар жоғарыдан келген бір нұсқау арқылы жасалған немесе тапсырма емес, бұл – халықтың, қоғамның сұранысынан туындап отыр. Бұл халық үніне құлақ асудың бір көрінісі. Реформадан әр қазақстандық өзінің отбасының, ұрпағының, болашағының қандай болатынына жауап іздейді. Одан бөлек, өзінің туған өлкесі, ауылы немесе қаласының болашағы қандай болатынын жауап іздейді», - деп атап өтті Ерлан Қошанов.
Ол мемлекетіміз қандай жолмен дамиды деген сұрақтың жауабын осы президент реформаларынан табуға болатынын айтты.
«Сондықтан да халық арасында кеңінен қолдау тауып отырған референдум арқылы қабылданайын деп жатқан өзгерістер – тұнып тұрған демократия дер едім. Себебі бұл әділдікке, еркіндікке, ашықтыққа бағытталған реформалар», - деді Е. Қошанов.