Алматыда балалар күніне орай домбыра мен кәдесыйлар тегін таратылды
Кішкентай қонақтарға арнайы экскурссия ұйымдастырылды
Балалар күніне орай Алматыда аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі және жетімдер үйіндегі балаларға арналған қолөнер көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақтың ұлттық бұйымдарын насихаттауға арналған іс-шара барысында кішкентай қонақтарға домбыра мен кәдесыйлар жаппай тегін таратылды. Шеберлердің сөзінше, бірнеше ғасыр бұрын ата-бабаларымыз күнделікті өмірлерінде қолданған бұйымдарды балалар тұрмақ, ересектердің өзі жете біле бермейді. Бабадан қалған бағзы бұйымдарды қазіргі уақытта да тұрмыста қолдануға болады. Таза былғары немесе ағаш пен сүйектен жасалған заттарға қызығушылық ел арасында әліде жоғары. Экологиялық таза бұйымдардың ерекшелігін жете түсіндіріп, жастарға көрсете алатын этнографтар аз. Іс-шараның мақсаты, кезінде кеңінен қолданылған дүниелерді балаларға көрсетіп, 17-19 ғасырларға «саяхат» жасату.
«Балалар күніне орай ұйымдастырылған көрмеден өте қатты әсер алдым. Бізді осында шақырғанда, соншалықты қатты әсер алам деп ойламадым. Маған бұрын бабаларымыз, батырларымыз жорықта, көшкенде қолданған былғарыдан жасалған заттар, торсық, қамшы, былғары бас киімдер ұнады. Торсық қымызды, сусынды салқындатып тұрады. Оны әліде қолдануға болады. Найза, садақ, дулығаларды кітаптан оқығанмен, өмірде көрмейміз. Осындай көптеген заттарды көрдік», - деді 5-сыныптың оқушысы Талант Әбдуәли.
«Қазақтың салт-дәстүріне қатысты көптеген дүниелерді көрдім. Неше түрлі ағаштан жасалған ыдыстарды көріп таңғалдым. Теріге ойылып салынған суреттерде ұнады», - деді Амина Арғынбекқызы есімді оқушы.
Кішкентай қонақтарға арнайы экскурссия ұйымдастырылды. Көшпелі халықтың қолөнері ұрпақтарға жалғасқан ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі. Қолөнер түрлерінің өн бойында халықтың материалдық және рухани болмысы жатыр. Халықтық қолөнері еліміздің тұрмыс жағдайынан, материалдық жай-күйінен ғана хабар бермей, эстетикалық талғамынан, тарихы мен таным-түсінігінен де мол мәліметке қанықтырады. Осындай ұлттық мәдениет үлгілерінің дәстүрлерін оқып-үйрену – кейінгі ұрпаққа мұра етіп сақтауға, сонымен қатар, бүгінгі тұрмыс-тіршілік, әлеуметтік жағдайларға сай қолдана білуге үлкен мүмкіндіктер береді дейді шараны ұйымдастырушылар.
«Көрмеге үш баламды да ертіп келдім. Алматы облысынан арнайы келдік. Үлкеніме, қызыма қатты ұнапты. Алған әсеріміз өте керемет. Бұлай болады деп ойлаған жоқпыз, көбін музейден көретін едік. Расында өмірде қолдануға да мүмкіндік бар екен. Әрі сәнді, әрі экологиялық таза заттар. Білмейтін дүниелеріміз өте көп екен. Біраз дүниеге қанықтық, алыстан келген балаларым риза болды», - деді Зоя Орынбасарова
Көрмеге қойлыған заттар зауыттан шықпаған, шеберлердің апталап, айлап уақытын жұмсаған бұйымдары. Қолдан жасалған заттар синкретикалық өнер түріне жатады дейді шараны ұйымдастырушылар. Көрме-жәрмеңке музыкалық аспаптар, ат әбзелдері, киіз үйдің ішкі жабдықтары, қару-жарақ, саймандар, ыдыс-аяқ деп бірнеше топқа бөлінген.
«Ұсталық пен зергерлік өнерді меңгерген, темірден түйін түйген ұсталардың ұлттық мұраға деген адалдығы өте жоғары болған. Олар ел арасында аса беделді, қадірлі болғаны белгілі. Бір ғана бас киімнің әшекей бұйымдары, шашбау секілді әйелдерге арналған сәндік заттар бүгінгі күнде де маңызын жоймаған. Жасалу жолдары жағынан білезіктердің ерекшеліктері өте көп. Қаптырма, қапсырма, ілмек, түйме, тана сияқты өзгеде киім-кешекке тағылатын сәндік бұйымдар да көп қолданылды. Қазақ ұсталары мен зергерлерінің ат әбзелдерін өрнектеуі де өте керемет болған. Иленген теріден сапалы, ұзақ жылдар бойы қолданатын заттарды жасауы, сүйекті өңдеп, жан-жануарлардың жауырыны, жілігі, қабырғасы, омыртқасы, жылқы мен сиырдың жағы мен тұяғынан да, мүйізден де қолданыстағы сәнді заттарды жасаған. Мақсатымыз, осыларды елдің болашағы жастараға, балаларға көрсету, үйрету», -деді шараны ұйымдастырушылардың бірі Бахаргүл Исламқызы.
Балалар күні қарсаңында Алматыда отызға жуық іс-шара ұйымдастырылған. Қөлөнер көрмесін өткізушілер, жетім немесе мүмкіндігі жектеулі балалардан бөлек озат оқушыларға да ұлттық аспап пен кәдесыйларды тегін таратты.
«Қазақтың көлөнері тұтас бір ғылым. Қанжар мен қамшы, пышақтың сабы киіктің мүйізінен, насыбай шақша қошқар мүйізінен жасалды. Насыбай шақшаның жоғарғы ернеуі күміспен қапталып, түп жағына күміс ойық киізілді. Мұндай қымбат шақшалар ер адамдардың белбеуіне байланып, сән беріп қана қоймай, оның беделін, байлығын да білдіретін. Атай берсе осындай таусылмайтын қызықты дүниелер қазақта өте көп болған. Балалар күні қарсаңында асыл мұраларымызды да көрсетіп, әрі домбырадан бастап, өздеріне ұнаған түрлі кәдесыйларды оқушыларға тегін тараттық. Президент биылғы жылды балалар жылы деп жарияладаы. Бірақ мемлекетке масылданбай, әрбір адам балаларға қолдан келгенше жанашырлық танытуы тиіс деп санаймын», - деді «Елмұра» қолөнер орталығының жетекшісі Салтанат Өмірәлі.