Биыл жас спортшылардың жарысқа қатысуына алғаш рет бюджеттен ақша бөлінді – Білім министрлігі
Сондай-ақ 270 мыңнан аса бала қосымша үйірмелермен және секциялармен қамтылады
Балалар жылы қарсаңында алғаш рет жас спортшыларымыздың халықаралық спорт жарыстарына қатысуына республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Қазақстандық команда Франциядағы Дүниежүзілік гимназиадада 86 медаль жеңіп алып, 70 елдің ішінде Бразилия мен Франциядан кейін 3-орынды иеленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұл туралы Үкімет отырысында Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлімдеді.
«Биыл 270 мыңнан аса бала қосымша үйірмелермен және секциялармен қамтылады. Жыл соңына дейін қамту көрсеткіші 5%-ға ұлғаяды. Биыл қазақстандық олимпиадашыларға халықаралық 7 беделді олимпиадаға қатысуға толық 31 квота бөлінді, оларға шілде-тамыз айларында балалар қатысады. Алғаш рет республикалық қаражат есебінен осы халықаралық интеллектуалдық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, оларды дайындаған педагогтарға сыйақы беріледі», - дейді Шолпан Каринова.
Бұдан басқа, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан үлгерімі төмен 1 000 бала алғаш рет дарынды балаларға арналған 134 мектептегі талантты балалармен қатар оқу мүмкіндігіне ие болады.