Премьер-министр балаларға қамқорлық жасау мәселесіне қатысты бірқатар нақты тапсырма берді
Үкімет отырсында балалардың қауіпсіздігі мен олардың әл-ауқаты мәселесі қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Бүгін, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Биыл бұл мерекенің қазақстандық балалар мен ата-аналар үшін ерекше мәні бар. Өйткені Мемлекет басшысының Жарлығымен 2022 жыл – Балалар жылы болып жарияланды. Барлық кішкентай балғындарымызды осы шуақты мерекесімен құттықтаймыз! Балаларға қамқорлық жасау, олардың құқықтарын қорғау – мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі», – деп атап өтті Премьер-министр Әлихан Смайылов.
Осы мәселеге қатысты Премьер-министрі бірқатар нақты тапсырма берді. Облыс әкімдіктеріне әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттағы балаларды сауықтыру шараларымен, жазғы демалыспен және бос уақыттарын пайдалы өткізумен барынша қамту тапсырылды.
«Барлық ауылдық елдімекенде спорт алаңдарын, балаларды дамыту орталықтарын жабдықтап, ойын-сауық, мәдени іс-шаралар ұйымдастыру қажет. Денсаулық сақтау министрлігі шалғайдағы елдімекендерде балалардың денсаулық жағдайына скринингтік және стоматологиялық тексерулер жүргізу үшін жылжымалы медициналық пункттердің жұмыс істеуіне қатысты шаралар қабылдасын. Балалар құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін Білім министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, өңір әкімдіктері жанындағы тәуелсіз Бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің лауазымдарын енгізуді тездетсін», - деді Үкімет басшысы.
Мәдениет министрлігіне ішкі туризмді дамыту аясында балалар үшін экскурсиялық-танымдық іс-шаралар ұйымдастыру тапсырылды. Сонымен қатар балаларды үйірмелермен және секциялармен қамту мақсатында Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктері, өңір әкімдіктері мемлекеттік білім беру, спорт және шығармашылық тапсырыстар бойынша ақпараттық жүйелер интеграциясын қамтамасыз ету жүктелді.