$ 520.48  574.61  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астаналық ғалым жусаннан коронавирусқа қарсы жаңа қосылысты тапты

Химия саласында еңбек етіп жүрген Ерлан Сүлейменмен сұхбат

Астаналық ғалым жусаннан коронавирусқа қарсы жаңа қосылысты тапты

Астаналық ғалым жусан құрамынан коронавирусқа қарсы әрекет ететін жаңа қосылысты анықтады. Агликон флавоноидтар класына жататын қосылысқа ғалым «жусанин» деген атау берген. 

Ерлан Сүлеймен – көп жылдардан бері мұнай химия саласында еңбек етіп келе жатқан ғалым. ЕҰУ PhD докторантурасында оқып жүріп, Мацумае (Япония), UNIDO-ICS (БҰҰ), Erasmus Mundos (ЕС), DAAD (Германия), USAID (АҚШ) сияқты бірқатар шетелдік гранттарды жеңіп алған. Ол ғылыми зерттеулерге көп жылдық тәжірибе мен табанды дайындық негізінде келген. 

«Қарағандыда фитохимия институтындағы жұмысымды аяқтаған соң, 2007 жылы ЕҰУ PhD докторантурасына оқуға түстім және жоспарымда шетелде тағылымдамадан өту болды. Шетелдік университетте бірегей жабдықтарды пайдалану мүмкіндігі болады деп болжанған еді. Маған Алтайдан жусанның екі түрі жеткізілді. Мен олардан сығындылар дайындап,  Бельгиядағы Леувен католиктік университетіне апардым. Айта кету керек, мен 2004 жылы кандидаттық диссертация қорғадым және сол кезде қажетті тәжірибеге ие болып, зерттеулерімді өз бетімше жоспарлай алдым», - дейді ғалым.

2012 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Американың Оксфордында, Миссисипи университетінде оқып жүріп әл-Азхар университетінің (Египет) бір топ ғалымдарымен танысқан. Осы ортық зерттеулер аясындағы таныстық елге оралған соң коронавирусқа қарсы әрекет ету үшін жаңа қызықты молекулаларды зерттеуге ұласыпты.

«Тағылымдама барысында мен тығыз жусаннан (Artemisia commutata) бірқатар жаңа заттарды бөліп алдым. Олардың бірі – жаңа флавоноид, екіншісі сұр жусаннан (Artemisia glauca) – жаңа кумарин болды. Мен алынған молекуланы дереу патенттедім. Бір қызығы, бұл оқу орнының барлық ғалымдары жаратылыстану ғылымдарының ғана емес, Құранды жатқа білетін ислам құқығының да көрнектілері. Қазақстанға оралған соң олар маған коронавирусқа қарсы жаңа қызықты молекулаларды зерттеуді ұсынды. Мен осы жаңа молекулаларды ұсындым және арнайы докинг-зерттеулері көрсеткендей, молекула белсенді болып шықты. Бұл нәтижелерді осы 2022 жылы әріптестеріммен бірге швейцариялық Molecules цитата индексі жоғары, 4,5 (Q2) сілтеме индексі бар беделді журналда үш мақала түрінде жарияладым. Ғылыми мақаланы дайындау кезінде таңдалған жаңа затқа танымал атау беру идеясы пайда болды. Әріптестеріммен есімдердің бірнеше нұсқасын ұсынып, тіпті WhatsApp желісіндегі 300-ден астам қолданушысы бар «Қазақ химиялық қоғамы» тобында талқыладық. Зат жусаннан бөлініп алынғандықтан, оған «жусанин» атауын беру туралы шешім қабылданған», - дейді ғалым бізге берген сұхбатында.

Ғалымның айтуынша, Jusanin деп ат қойған ғылыми зерттеудің негізгі ерекшелігі жаңа қосылыс болуында. Осы себепті оған түпнұсқа атау бере отырып, әдебиетте, шолу мақалаларында және анықтамалық деректерде тривиалды аталыммен көрсетуге болады. Ғылыми жетістіктерді кеңінен насихаттаудың қажет екендігін айтқан Ерлан қоғам мен оның дамуына жауапты ұйымдар ғылым саласына аса көңіл бөлуі тиіс екендігін атап өтті. 

«Біріншіден, бұл жаңа қосылыс, сондықтан біз оған түпнұсқа атауын беруге құқығымыз бар. Ол флавоноидтар, соның ішінде агликон флавоноидтар класына жатады. Қазіргі уақытта флаваноидтар агликондарының арасында жаңа затты ашу іс жүзінде мүмкін емес, өйткені олардың барлығы дерлік практикалық түрде ашылған. Дәстүрлі түрде флавоноидтар радикалдардың антиоксидантты тұзақтары болып табылатын заттарға жатады. Дәл осы радикалдар адам ағзасында жиналып, ДНҚ-ны зақымдап, мутация туғызып, ағзаның қартаюына әкеліп соғады деген теория бар. Араб әріптестерімен докинг-зерттеулерін жүргізе отырып, біз оның коронавирусқа қарсы қасиеттерін анықтадық. Біздің жерлестеріміз шетелде танымал отандас ғалымдардың жетістіктері туралы жиі біле бермейді. Қазақстанда ғылымды кеңінен насихаттап, оған лайықты көңіл бөлу керек екені даусыз», - дейді Ерлан Сүлеймен. 

Сондай-ақ, ғалым зерттеу жүргізу барысында жусаннан кумариндер класына жататын тағы бір жаңа затты бөліп алып, оған «жусан-кумарин» деген атау берген. 
Құрамында коронавирусқа қарсы жаңа қолданысты ары қарай қолданысқа енгізу мүмкін бе деген сауалымызға ол былай деп жауап берді:

«Бұл заттың қызметін ілгерілету үшін оның белсенділігін докинг-зерттеу арқылы анықтау жеткіліксіз. Оны in vitro – сынақтарда, in vivo – да, яғни жануарларға қолдану керек. Содан кейін клиникаға дейінгі зерттеулер қажет. Бұл ұзақ уақытты қажет етеді әрі 1 препаратқа 1 млн АҚШ долларына дейін қомақты қаржы ресурстарын алуы мүмкін», дейді ғалым. 

Ғалымның айтуынша, жусан барлық дерлік континенттерде өседі. Бірақ Қазақстанда жусанның шамамен 80-дей түрі кездеседі екен. Ал қазақ халқында «жусан» қасиетті екені белгілі. Тіпті көптеген аңыз-әңгімелер де жусан өсімдігінің атауымен байланысты туындаған. 

«Мәселен, әйгілі түрколог ғалым Мұрат Аджи «Жусан даласы» кітабында: «бұл кітапты емшан шөбінің жаныңды масайрататын жусанның жұпар иісін білмейтін адамға оқудың қажеті жоқ...» деп жазған. Жусан халық медицинасында да кеңінен қолданылады. Біз бұған дейін де жусанның эфир майлары мен сығындыларының құрамын зерттеген болатынбыз», - дейді ол. 

Ғалымның айтуынша, оның қолында корона инфекциясын емдеуге және алдын алуға арналған, басқа да дамытатын және жүзеге асырылуы керек барлығы 11 құрал бар. 

Сонымен қатар, 20-ға жуық патент, косметика және парфюмерия, мұнай химиясы, құрылыс материалдары, тамақ, тіпті энергияның жаңа түрі, электронды құрылғылар сынды органикалық химия саласында коммерцияландыруға арналған 50 әзірлеме дайындаған. Ерланның ендігі мақсаты, аталған жобаларды жүзеге асыра отырып, қоғам үшін пайдасын көру.

«Олардың бір бөлігін мен оқушылар мен студенттер арасында жоба түрінде жүзеге асырдым. Жақында мен антибиотиктер бойынша жаңа халықаралық ғылыми орталық құрдым әрі Қытай ғылым академиясындағы тәжірибемнің негізінде зерттеуімді жалғастырып жатырмын. Атап айтқанда, мен қыналар мен саңырауқұлақтардан жаңа антибиотиктерді бөліп алуға тырысамын. Айтпақшы, бұл Қазақстан үшін жаңа ғылыми бағыт болып табылады», - дейді Ерлан Сүлеймен. 

Серіктес жаңалықтары