«Бойдақ еркектер тез қартаяды»: Қазақстанда әйелдер саны азайып келеді

Қатарлас әйелдер санының аздығын егде тарта бастаған ерлер де сезінетін болады

«Бойдақ еркектер тез қартаяды»: Қазақстанда әйелдер саны азайып келеді
Фото: muslim.kz

Қазақстан халқының саны бір жылда 1,3%-ға өсіп, 2022 жылдың басында 19,12 млн адамды құрады. Оның 9,84 миллионы – әйелдер, 9,29 миллионы – ерлер, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ranking.kz сайтына сілтеме жасап.

Халықтың жалпы саны бойынша әйелдер үлесі жыл басында 51,44 пайызды құраған. Салыстыру үшін айта кетсек, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 51,48%, бес жыл бұрын – 51,62%, он жыл бұрын – 51,77% болған.

«Биылғы жылдың бірінші тоқсанында халық саны 19,18 миллионға өсті, оның 9,31 миллионы – ерлер, 9,86 миллионы – әйелдер. Әйелдердің үлесі тағы 51,43%-ға дейін төмендеді», - делінген статистикалық көрсеткіште.

Жалпы, әйелдердің үлесі ерлерге қарағанда біршама жоғары болғанымен, жылдан жылға азайып келеді және бұл үрдіс тұрақты болып отыр. Анықтама үшін айтсақ, соңғы 5 жылда әйелдер санының орташа жылдық өсімі 1,2 пайызды құраса, ерлер санының өсімі 1,4 пайызды құраған.

Дегенмен әйелдер саны ерлер санынан жалпы басымдығына қарамастан, жас бөлінісі бойынша жағдай мүлдем басқаша.

«Сонымен, Қазақстанда 14 пен 28 жас аралығындағы жас әйелдер саны бір жылда 0,1%-ға азайып, жыл басына 1,83 млн адамды құрады. Бұл ретте жас жігіттердің саны, керісінше, 0,1%-ға өсіп, 1,92 млн адамға жетті. Бұл динамика да тұрақты болып отыр», - делінген ақпаратта.

Соның нәтижесінде 2022 жылдың басында жастардың жалпы санындағы жас әйелдер үлесі небәрі 48,87%-ды құраған, яғни жартысынан да аз. Оның үстіне, қыздардың үлесі жылдан-жылға азайып келеді: мысалы, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 48,92%, бес жыл бұрын – 49,5%, одан он жыл бұрын – 49,88% болған еді (яғни, жігіттермен бірдей болды).

«Осылайша, «10 қызға 9 жігіттен келеді» деген ескірген кеңестік стереотиптің Қазақстанға мүлдем қатысы болмай шықты. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Қазақстан Республикасында дүние есігін ашып жатқан ұл балаларға қарағанда, қыз балалар саны айтарлықтай аз: 2021 жылы – 230,3 мың ұл бала және 216,2 мың қыз бала туған, яғни қыздар жаңа туған нәрестелердің жалпы санының 48,4%-ын ғана құраған. Ал жастар арасында неке жасында (28 жасқа дейін) 1000 жігітке небәрі 956 қыздан келеді, ал алшақтық жылдан-жылға артып, қыздар саны азайып барады», - деп жазады сарапшылар.

Статистика халықаралық ұйымдардың болжамын растап отыр. Осылайша, БҰҰ-ның «2019 жылға арналған әлемдік демографиялық перспективалар» баяндамасына сәйкес, сарапшылар Қазақстандағы ерлер мен әйелдер арасындағы алшақтықтың одан әрі қысқаратынын айтады.

Белгілі бір жас ерекшелігіне қарай ерлер саны басым болады. Ал 20 жастан 30 жасқа дейінгі ұлдар саны 10 000 қыз балаға шаққанда 2022 жылы 10 380, ал 2025 жылға қарай 10 472 болады. Мәселен, БҰҰ деректері бойынша 2022 жылдың басында 20 мен 39 жас аралығындағы 10 000 әйелге 10 022 ер адамнан, 2025 жылға қарай 10 069 ер адамнан келеді деп болжанған болатын. Яғни, қатарлас әйелдер санының аздығын егде тарта бастаған ерлер де сезінетін болады.

Әйелдер ұзақ өмір сүретіндіктен ғана елімізде әйелдер саны әлі де ерлерге қарағанда көбірек. Бір қызығы, әйелдердің «жетіспеушілігі» өз кезегінде ерлердің де өмір сүру ұзақтығына әсер етуі мүмкін. Падуа университетінің ғалымдарының зерттеуінше, үйленбеген ер адамдар мен жесір ерлердің үйленген еркекке қарағанда қарттыққа тым тез бой алдырып, әлсіздікке бейім келетіні және денсаулығын тез жоғалтатыны анықталды. Сонымен қатар, жесір әйелдердің денсаулығы, керісінше, тұрмыстағы әйелдерге қарағанда жақсырақ болады, көбінесе жолдасы қайтыс болғаннан кейін жақсарады екен.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.