Алматыда «Бақылаушылар мектебі-2022» жұмысын бастады
«Қоғамдық жоба мекемесі» қоғамдық бірлестігі тәуелсіз бақылаушылардың дайындығы туралы хабарлады
Алматыда 5 маусым күні өтетін референдумда тәуелсіз бақылаушылардың жұмысын ұйымдастыру және оған жәрдемдесу мәселелері бойынша «Қоғамдық жоба мекемесі» ҚБ баспасөз конференциясы өтті. Бұл туралы Azattyq Rýhy «Алматы ақшамы» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жиынға Алматы қаласының тәуелсіз бақылаушылар мектебінің жетекшісі және «Қоғамдық жоба мекемесінің» директоры Александр Братенков, бақылаушылар мектебінің жаттықтырушысы Қарлығаш Үсейінова, ҚР Фрайчазинг қауымдастығының президенті Бекнұр Кисиков қатысты.
Баспасөз конференциясы барысында шара спикерлері тәуелсіз бақылаушылар жұмысының мазмұнына шолу жасап, олардың кәсіби деңгейі мен құзыреттері жайлы түсіндірме берді.
«Біз бақылаушылар мектебінің аясында мыңға жуық адамды арнайы дайындық бағдарламасынан өткіздік. Біздің мектебіміздің басты мақсаты – бақылаушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, алдағы референдумдағы олардың құқықтары мен құзыретін ҚР заңнамасы негізінде толық үйрету. Жалпы бақылаушылардың құқықтық мәртебесі ҚР Конституциясының «Сайлау туралы» заңының 20-бабының бірінші тармағында көрсетілген. Бақылаушы болуға ниеттенген адамдарға осы заңнаманы үлгіге ала отырып, семинар сабақтарын өткіздік және әлі өткізіп жатырмыз», – деді бақылаушылар мектебінің жаттықтырушысы Қарлығаш Үсейінова.
Сондай-ақ, тәуелсіз бақылаушылардың референдумға қатысу ерекшеліктері туралы да сөз қозғалды. Осы тұрғыда «Бақылаушылар мектебі-2022» жаттықтырушылары (партиялық емес бақылау орталығының әдістемелік қолдауымен) ниет білдірген, қабілетті және шебер, заңнама талаптарын адал сақтайтын және белсенді азаматтық ұстанымы бар байқаушылардың жаңа санатын қалыптастырудың мақсаты, мазмұны мен ерекшеліктері туралы айтып берді.
«ҚР Конституциясында кім тәуелсіз бақылаушы бола алатындығы нақты көрсетілген. Атап айтқанда, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, саяси партиялардың мүшелері, халықаралық ұйымдардың мүшелері және БАҚ өкілдері бақылаушы бола алады. Осы ақпаратты бақылаушы болғысы келетін адамдар ескеруі керек. Тәуелсіз бақылаушылар дауыс беру орталықтарында барлық жұмыстар заңнама негізінде өткізіліп жатқандығына көз жеткізіп, оның орындалуына өзіндік үлесін қосады. Сондықтан біз белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдарды бақылаушы болуға шақырамыз», – деді Александр Братенков.
«Қоғамдық жоба мекемесінің» директоры Александр Братенковтың айтуынша, «Бақылаушылар мектебі-2022» дайындаған тәуелсіз бақылаушылар Алматының барлық сайлау учаскелерінде болады.