Өткен айда қазақстандықтар 189,2 млрд теңгенің долларын сатып алған
Биылғы сәуір айында қазақстандықтар 226,1 млрд теңгеге шетел валютасын сатып алған. Ол қаржының доллар көлемі 83,7%, яғни 189,2 млрд теңгені құрады. Бұл – өткен аймен салыстырғанда үш есеге жуық көп көрсеткіш, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық банк мәліметінше, наурызда жалпы шетел валютасын сатып алу 140,6 млрд теңгені құраған. 2021 жылы бұл көрсеткіш 170,7 млрд теңгені құрады
2022 жылғы сәуірде теңгенің биржалық бағамы 1 АҚШ доллары үшін 443,85 – 472,81 теңге аралығында өзгерді. Сәуір соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 4,6%-ға нығайып, 1 АҚШ доллары үшін 445,62 теңге болды.
«Теңге-доллар валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 11,6 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі – 1,9 млрд АҚШ доллары, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі – 9,7 млрд АҚШ доллары болды. Биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі 70,4% немесе 8,2 млрд АҚШ долларын құрады (2022 жылғы наурызда – 78,6% немесе 5,1 млрд АҚШ доллары), бұл олардың меншікті капиталды валюталық тәуекелдерден хеджирлеуіне байланысты болды. Бұл операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасының сұранысы немесе ұсынысының арақатынасына әсер етпейді», - делінген Ұлттық банк хабарламасында.
2022 жылғы сәуірде халық нетто-негізде 226,1 млрд теңгеге балама сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Алдыңғы аймен салыстырғанда бұл шығыстар 1,6 есе өсті (2022 жылғы наурызда – 140,6 млрд тенге), 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (170,7 млрд теңге), нетто-сатып алу көлемі 32,5%-ға ұлғайды. Шығыстардың негізгі көлемі 83,7% немесе 189,2 млрд теңге – АҚШ долларын, 5,3% немесе 11,9 млрд теңге – Ресей рублін, 10,9% немесе 24,6 млрд теңге – еуроны сатып алуға бағытталды. Валюталарды түріне қарай бөлгенде бір айда АҚШ долларын сатып алуға арналған шығыстар 2,9 есе өсті (жылдық мәндегі өсу 1,8 есе), Ресей рублін сатып алуға арналған шығыстар 4,9 есе төмендеді (төмендеу жылдық мәнде 4,9 есе) және еуроны сатып алуға арналған шығыстар 1,5 есе өсті (өсу жылдық мәнде 2,9 есе).