Халықаралық олимпиада мен байқау жеңімпаздары бірден ЖОО грантына ие болады

Azattyq Rýhy

ҚР Білім және ғылым министрі арнайы бұйрыққа қол қойды

Халықаралық олимпиада мен байқау жеңімпаздары бірден ЖОО грантына ие болады
Фото: Асхат Аймағамбетов / Facebook

ҚР Білім және ғылым министрі халықаралық олимпиадалардың, спорттық және шығармашылық байқаулардың тізбесін бекіту туралы бұйрыққа қол қойды. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов Facebook-парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетерлігі, аталған құжат жеңімпаздар мен жүлдегерлерге отандық жоғары оқу орындарында бейінді бағытта білім алу үшін гранттар бөлуге мүмкіндік береді.

«Осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасы аясында заңнамаға өзгерістер енгізілген болатын. Енді беделді халықаралық пәндік олимпиадалардың, спорттық жарыстардың және әлемдік деңгейдегі шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-ға бейінді бағыттар бойынша грантқа түсуге мүмкіндік алды», - деп жазды ведомство басшысы.

Бүгін Білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік гимназиада – 2022 жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімін өткізеді.

«Оқушыларымыз әлемнің 70-тен астам елінен келген жасөспірімдерді басып озып, 86 медаль жеңіп алғанын естеріңізге сала кетейін. Осылайша, ұлттық құрамамыз ІІІ орынды иеленген болатын. Енді олар бірінші болып ЖОО-да оқу үшін гранттар алады. Жас дарындар Мемлекет басшысының шешімі арқасында осындай қолдауға ие болып отыр», - деді А. Аймағамбетов.

 
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.