Павлодар облысында белгісіз затпен уланған алтыншы адам қайтыс болды

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың бәрі канистрде сақталған белгісіз сұйықтықты ішкен

Фото ашық дереккөзден

Павлодар облысында белгісіз затпен уланған алтыншы адам қайтыс болды. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Басқарма мәліметінше, ер адам жансақтау бөлімінде қайтыс болған.

"1980 жылғы науқастың жағдайы өте ауыр болды. Ол 29 мамырда таңертең қайтыс болды", - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Дәрігерлердің айтуынша, қазір жансақтау бөлімінде Ертістен Павлодардың қалалық ауруханасына жеткізілген тағы бір ер адам бар. Оның жағдайы да өте ауыр.

Еске сала кетейік, Павлодар облысының Ертіс ауылында 7 ер адам белгісіз затпен уланды. Олардың бәрі ауыл тұрғындарының бірінде канистрде сақталған белгісіз сұйықтықты ішкен. Уланғандардың үшеуі үйде, тағы екеуі Ертіс ауданының аудандық ауруханасында қайтыс болды. Кейінірек тағы бір адам қайтыс болғаны белгі болды. Марқұмдардың арасында әке мен ұлы бар.

Аталған дерек бойынша полицейлер тексеріс жүргізіп, ауыл тұрғындарының денелері сот сараптамасына тапсырылды. Сондай-ақ, канистрдегі сұйықтық қалдықтарына сараптама тағайындалды.