Қызылорда облысында көлік басқару құқығынан айырылған жігіт мас күйде қайтадан рөлге отырған
Қазір ол уақытша ұстау абақтысына қамалды

Қызылорда облысында жүргізуші куәлігінен екі ай бұрын айырылған тұрғын қайтадан мас күйде рөлге отырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Рейдтік шара барысында Жаңақорған ауданында орталық көшелердің бірінде жол ережесін бұзған жеңіл автокөлік тоқтатылды.
Құжаттарын тексеру барысында оның сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылғаны анықталды. 22 жастағы жүргізуші тағы да мас күйінде автокөлік басқарған.
Құқық бұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалып, автокөлік айып алаңына қойылды.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігімен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.