БҚО-дағы Жаңақала ауданында жер дауы ушығып тұр
Ауыл тұрғындары кейбір шаруа қожалықтарының жері игерілмей босқа жатқанына қынжылады
Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында жер дауы ушығып тұр. Мал баққан ағайын жайылым жетіспейтінін айтып дабыл қағып отыр. Елді мекендердің маңайында бос жер қалмаған. Тұрғындар төрт түлікті қайда айдарын білмей дал, деп хабарлайды Хабар арнасы.
Ал жаңа агроқұрылым ашқысы келген іскер жандар тіптен сабылып жүр. Пятимар ауылының тұрғыны Теміреш Макаров бұрын кәсіпкер ретінде ауылдың малын жинап, тұрақты бағып отырған. Алайда кейін жайылымы басқа біреудің меншігіне өтіп кеткен. Сөйтіп, шаруа жұмысын тоқтатыпты. Ал қазір ауылда мал бағатын адам жоқ. Бақташы тапқан күннің өзінде бағасы қымбат. Енді кейіпкеріміз қайтадан кәсібін ашқысы келеді. Әйткенмен елді мекеннің төңірегінде бос жер жоқ. «Оның үстіне ол аумақтар игерілмей текке жатыр», - деп ашынады.
«Жер тар. Қазір мал басы өсті. Айналаның бәрін қожалықтар алып кеткен. Біздің ауылда жоқ кісілер де алып кеткен. Маған 1000 га жер жарайды. Мал жаюға суға жақын жерден жер болса деймін. Халықтың малы тоз-тоз болып, жан-жаққа бөлініп кетеді. Жаздай жоғалады. Су жоқ. Мына каналдарға су келмейді. Күзде тартылып кетеді», - дейді Пятимар ауылының тұрғыны Теміреш Макаров.
Шаруа 3 жылдан бері әкімдіктен жер сұрап, әлі ала алмай келеді. Бұл – аудандағы бір ғана мысал. Мал шаруашылығын түлетуді көздеген бірнеше адам жер таппай, дауласып жүр. Жауапты мамандар да саладағы дау күрделі мәселеге айналғанын жасырмады. Олар елді мекендердің аумағын кеңейту жобасы басталғанын алға тартты.
«Тәуелсіздік алған жылдары халықтың жайылымдық алқаптары мал санымен есептелген. Сол уақыттарда жеке тұрғындарда мал басының аз болуына байланысты шекаралары, жер учаскелері аз қарастырылған. Жаңақала ауданы бойынша ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге 1 млн 100 мың га жер учаскесі жалға берілген. Аудандық әкімдік тарапынан 30 мың га жер учаскесіне жер шаруашылығын орналастыру жобасы жасақталып, елді мекен шекараларын кеңейту жүргізілуде. Қазіргі уақытта аудан көлемінде 6 мың га жер учаскесі резервке қойылды», деп түсіндірді Жаңақала аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Есен Бекболатов.
Сонымен қатар бұл бағытта қоғамдық жұмыс тобы құрылған. Олар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің игерілу барасын бағамдайды. Биыл алты қожалық меншігіндегі пайдаланылмаған 10 мың гектарға жуық учаске мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал енді бір кәсіпорын өз еркімен дәл осындай көлемдегі жайылымын әкімдікке берген.
Жұмыс тобының өкілдері игерілмеген жерлерді кері қайтару шараларына заңның кейбір тармақтары кедергі екенін айтып отыр.
«Бізде жерді 49 жылға жалға береді. 10 жыл пайдаланбаса, қалған жалдау құқығын сата алады. Бұл да – мәселені шешуге кедергі. Бұны тоқтату керек. Бірақ біз жұмыс тобы ретінде тоқтата алмаймыз. Ол үшін заңға өзгеріс керек. Бұл жерде қожалық жетекшілерінің де құқығы сақталуы керек. Еш жерде заң бұзылмау тиіс. Заңды түрде бір шектеу қою керек деп есептеймін. Жердің жалдау құқығы сатыла беретін болса, бұл проблема шешілмейді. Осылай қала береді»,- аудандық мәслихат депутаты Руслан Оразалиев.
Аймақ экономикасының күретамыры – ауыл шаруашылығы. Жер дауының жиілеуі тұтас өңірдің әлеуетіне кері әсер етеді. Тірлігі төрт түлікпен байланысқан шаруалар жайылым мен шабындықтан тарлық болмауын заңмен қатаң қадағаланғанын қалайды.