Шымкентте 6 адамнан бруцеллез анықталды
Ауру анықталған орындарда індетке қарсы шаралар жүргізілді
Шымкентте 6 адамның бруцеллезбен ауырғаны анықталды. Бұл ауру адамға жануарлардан жұғатын болғандықтан, дерт көп жағдайда мал өсіретін аумақтарда анықталады. Қазір бруцеллез тіркелген ошақтарда залалсыздандыру жұмыстары қолға алынған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Шымкентте осы жылдың алғашқы 4 айында бруцеллез ауыруының 6 жағдайы тіркелген. Көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда артқан. Мамандардың айтуынша науқастардың екеуі дертті ауру жануардан жұқтырса, қалған төртеуі бруцеллезі бар малдың еті мен сүтін пайдаланған. Сонымен бірге олар аурудың ерте сатысында медициналық көмекке жүгінбегендіктен дерт асқынып, инфекциялық ауруханадан бір-ақ шыққан.
«Жалпы тіркелген ошақтарда індетке қарсы шаралардың барлығы жүргізіліп, уақытылы оқшауланып, науқастар емделіп, қарым-қатынаста болғандар тексеріліп, бақылаудан шықты. Бұл ауру зоонозды. Мал арқылы жұғатын өте жұқпалы ауру. Аура созылмалы түрде өтіп , көбісі уақытында білмей созып алады. Аурудың белгілері ыстығы көтеріледі, аяқ-қолы сырқырайды адамдар оған мән бермейді», - деді Шымкент қалалық СЭБД басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.
Бруцеллез ауруы мал шаруашылығымен айналысатын аймақтарға жиі кездеседі. Себебі бұл дерт адамға ауру малдың өзінен немесе оның еті, сүті, яғни өнімінен жұғады.
«Егер үйінде мал ұстайтын болса, міндетті түрде қорғаныс заттарын киіп, жұмыстарын жасап болған соң жеке бас гигиенасын сақтап қолын жуу керек, ауру малдар үйде не фермаларда болатын болса, ауру малдардың нәжісі арқылы ауаға да тарап жатады. Адамдар тыныс алу жолдары арқылы, ауру малдың еті мен сүтін ішу арқылы жұғады», - деді Шымкент қалалық СЭБД басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.