Оқушылардың мектепте жазғы тәжірибеден өтуін қалыпты деп санайтын мұғалімдер мен ата-аналар әлі де бар
Еліміздегі жалпы білім беретін орта мектептері арасында жоғары сынып оқушыларына жазғы іс-тәжірибе жұмысына қатысуды міндеттейтін тәжірибе әлі де бар. Алайда мектептердегі жазғы жұмыс тәжірибесі әлдеқашан жойылған.
Редакциямызға шалғайдағы мектепте білім алатын оқушының ата-анасынан «оқушыларды демалыс уағында жазғы көгалдандыру жұмыстарына тарту қаншалықты заңды?» деген сауал келіп түскен болатын. Осы орайда Azattyq Rýhy тілшісі жауапты министрліктен жазғы еңбек тоқсанында мектеп оқушыларын еңбекке тарту тәжірибесінің заңдылығын сұрап білді.
«МЕКТЕПТІҢ КАРТОБЫН ҚАЗУҒА БАРАТЫНБЫЗ»
Кеңес заманынан бері жазғы демалысқа шыққан оқушының мектеп ауласында «еңбек қызметін атқаруы» немесе мектеп кабинеттерін әктеуі қалыпты саналатын-ды. Десе де оқушылардың мектепте жазғы тәжірибеден өтуін мұғалімдер де, ата-аналар да әлі де қалыпты санайды.
Тақырыпқа орай еліміздің білім беру саласының жай-жапсары, тәрбие процесіне, білім саласындағы жаңалықтар мен реформаларға байланысты ұстаздардың әлеуметтік желідегі ортақ алаңы «Қазақстан ұстаздары» тобына сауалнама жүргізіп көрдік. Топтың 52 мыңнан астам мүшесі бар. Мұндағы мұғалімдердің дені демалыс уағында балаларды жұмысқа тартуды қалыпты санайтындары және іс жүзінде мектептер де әлі бар екенін атады.
«10-сыныпта қоғамдық пайдалы еңбек деген болатын еді. Практика да болады. Тым бəлеқор бола бермеу керек, негізі», - деп жазды Гүлнар Дәулетбақова.
Ал Дана Отынбаева есімді қолданушы мектептерге жұмыс күші жетіспей жатқан күнде оқушыларды жұмысқа тартқанды құп көретінін жеткізді.
«Балаңыз телефонда отырады бәрібір, одан да мектепке көмектесіп, еңбекке бейімделеді. Қолына жұқпайды. Мектепке жұмыс күші жетпей жатқан шығар», - деді ол.
Айнұр Батталова есімді қолданушы «мектептің картобын қазып, қауынын жинауға барғанын» еске алып, баланы қорғаштай бермеу керектігін алға тартты.
«Баланы еңбекке баулып, жұмсағанда тұрған не бар? Бұрын мектептің картобын қазып, қауынын жинауға баратынбыз, одан ештеңеміз кеткен жоқ. Үйренгені өзіне жақсы, істегені үлкендерге жақсы. Баланы болмайтын жерде «қорғаштауды» қою керек. Қазіргі балалар жұмсалмайды, телефоннан басқаны білмейді. Ондай ұл-қыздан орашолақ, істің көзін білмейтін адам шығады. Сондықтан істесін», - деп пікір білдірді.
МИНИСТРЛІК ЖАУАБЫ
Оқушыларды міндетті еткен жазғы айлық практика қаншалықты заңды деген сауалды Білім және ғылым министрлігіне қойып көрдік. Аталған министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, білім беру саласындағы қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерде 10-сынып оқушыларын бір айлық еңбек практикасын өткізу көзделмеген.
«Сондай-ақ, балаларды жөндеу жұмыстарына тартуға тыйым салынған. Осыған байланысты, балалардың құқықтары бұзылған жағдайда облыстық және Нұрсұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының білім басқармаларына, білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттеріне жүгіну қажет», - делінген министрліктің жауабында.
Білім және ғылым министрлігі оқушыларды еңбекке тарту тәжірибесі заңсыз екенін айтқанымен, қарамағындағы мұғалімдер қауымы бала еңбегін пайдалануды «пайдалы» деп санайды. Ал жауапты министрлік мұндай үйреншікті тәжірибеге тыйым салғаннан гөрі, «хабарсыз» қалғанды құп көретіндей үнсіз.
КІНӘЛІ ТҰЛҒАЛАР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛУЫ МҮМКІН
Мектептегі тәжірибе оқушылардың қалауымен, ерікті түрде жүзеге асуы керек екендігіне қарамастан, мектеп директорлары оқушыларды тәжірибеден өтуге міндеттейтін мысалдар әлі де кездесіп отыр. Мектептердің әрекеті қаншалық заңды деген сауалды заңгер Айшат Уәлиолладан сұрап көрдік. Оның айтуынша, қазір мектептерде еңбек практикасы деген ұғым жоқ. Іс қағаздарын жүргізу кезінде жасөспірімдерге Еңбек кодексінде белгіленген кепілдіктерді сақтау қажет.
«Жалпы 18-ге толмаған баланы кез келген еңбекке тарту үшін ата-ана рұқсаты керек. Қосымша тәжірибеге тарту кезінде екі сағат міндетті демалыс қарастырылуы қажет. Балалар түсінбейді, ал мұғалімдер ашып айтып, түсіндірмейді. Мысалы, сенбілікке де тыйым салынбаған. Сондықтан баланың және ата-анасының келісімінсіз оқушыларды жұмысқа алуға, мәжбүрлі еңбекке тартуға қатаң тыйым салынады. Мектептегі балалар соған қарамастан міндетті түрде жазғы тәжірибеден өтуге мәжбүр болса, балалар еңбегін ұйымдастыруға кінәлі барлық лауазымды тұлғалар жауапқа тартылуы мүмкін. Бала еңбегін пайдалану жеңіл болып есептелгенімен, дәрежесі қылмыстық іспен пара-пар», - дейді заңгер Айшат Уәлиолла.
Заңгердің пікіріне сүйенсек, оқу орындарында балалардың еңбек тәрбиесі таза еріктілікке негізделуі тиіс және ата-анасының немесе қамқоршысының рұқсатымен ғана жол беріледі. Білім беру ұйымдары мен оқушыларды ата-анасының немесе заңды өкілдерінің келісімінсіз жазғы демалыс уағында мәжбүрлеуге болмайды. Өйткені жазғы практикаға міндеттеу жалпы білім беру бағдарламасында қарастырылмаған.
ОҚУШЫЛАР АҚЫЛЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ
Оқушыларды ақылы жұмысқа тарту тәжірибесі астанада қолға алынып келеді. «JASYL EL» студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтары қатарына 14 пен 29 жас аралығындағы оқушыларды жұмысқа шақырады. «Жасыл ел» штабынан жұмыскерлерге тегін форма, сол сияқты 64 564 теңге көлемінде айлық төленетіндігін бұдан бұрын хабарлаған едік.
Оқи отырыңыз: «JASYL EL» еңбек жасақтарына қосылуға өтінім қабылдау басталады
Айта кетелік, «Жасыл ел» қатарына бірінші кезекте көпбалалы отбасыдан, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, жұмыссыз жастар қабылданады.
Мұндай тәжірибені астана маңында ғана емес, еліміздің шалғай аймақтарына енгізу «сенбілік» пен «көгалдандыру» жүмыстарында тегін еңбектеніп жүрген ауыл оқушыларына пайдалы болары анық.
Жалпы, кез келген жастағы бала циркте, театрда, концерттер мен кинода әртіс болып жұмыс істей алады. Ал басқа салаларда 14-ке толған бала оқудан бос уақытта ақылы жұмыс істеуіне рұқсат етілген.