Қарағандыда зағип жеткіншек байқаудан ұтып алған ақшасына ата-анасына пәтер алып бермек
Қарағандыда зағип жеткіншек байқаудан ұтып алған ақшасына ата-анасына пәтер алып бермек
Қарағандыда 14 жастағы зағип жеткіншек жақында І республикалық «Домбыра-Дастан» байқауында 8 млн теңге ұтып алды. Нұрдәулет Сағатбек бұл қаражатты отбасына пәтер алуға жұмсамақшы. Ата-анасы баспанасын кезінде көзі нашар көретін ұлын емдету үшін сатып жіберген көрінеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Нұрдәулет өз жан дүниесін «Арман» атты авторлық күйі арқылы сазды әуезбен жеткізеді. Нұрдәулет көзінің нашар көретініне қарамастан, қазақ композиторларының көптеген туындысын жетік меңгерген.
«Бізде қазір пәтер жоқ, оны ата- анама қосамын деп шештім. 8 млн теңгенің 800 мыңына домбыра алдым. Кейін өсе келе, 17- 8 жасқа толғаннан кейін көзіме операция жасатамын деген ойым бар», - дейді «Домбыра- дастан» байқауының жеңімпазы Нұрдәулет Сағатбек.
Дәрігерлер Нұрдәулетке 18 жасқа толған соң ғана операция жасатқан дұрыс деген соң, ол осындай шешім қабылдапты. Қазір жасатса, мүлде көрмей қаламын ба деп қорқады. Ал анасы ұлының оқу орындарында музыкалық білім алғанын қалайды. Алайда олар ерекше балаларды қабылдамайды дейді.
«Музыкалық колледжге хабарласқанымда инклюзивті білім беру бізде қарастырылмаған, біз оларды оқыта алмаймыз деп айтқан болатын. Сондықтан тағы да өтінішім, қарастырып көрсе жақсы болар еді. Менің ғана балам емес Қазақстан бойынша ондай балалар көп деп ойлаймын, соларға оқуға мүмкіндік берсе», - дейді Нұрдәулеттің анасы Эльмира Жапқараева.