$ 515.18  570.66  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы 2 млрд долларға жеткізілмек

Екі ел басшылары жүк тасымалы рәсімдерін жетілдіру жайын пысықтады

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы 2 млрд долларға жеткізілмек
Фото: Ақорда

Қазақстан мен Қырғызстанның президенттері шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы екі ел де көпжақты ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенін айтып, бүгінгі сапардың қарым-қатынасымызды нығайта түсуге тың серпін беретіні сөзсіз екеніне тоқталды.

– Бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік. Біз сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән бердік. Қазір әлемдегі ахуал күрделі екенін білесіздер. Осындай қиын кезеңде күш жұмылдыру өте маңызды. Қазақстан – Қырғыз елінің негізгі сауда және инвестиция саласындағы серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1 миллиард долларға жетті. Қазақстан соңғы 15 жылда қырғыз еліне 1 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Оның ішінде әлеуметтік маңызы зор жобалар да бар. Жалпы, экономикалық ықпалдастықты одан әрі өркендетуге әлеуетіміз жетеді. Біз сауда көлемін жақын арада 2 миллиард долларға жеткізуге келістік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Президент бүгін сауда-логистикалық индустриялық кешеннің негізі қаланғанына тоқталып, бұл қадам өндірістік байланыстар мен сауда-саттықты жандандыруға жол ашатынын айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, өзара сауда айналымын қысқа мерзімде едәуір ұлғайтуға мол мүмкіндік бар. Қазақстан Қырғызстанға импортталатын жүздеген тауар түрін қазірдің өзінде ұсына алады.  

– Біз өнеркәсіп өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайынбыз. Бұған «Kazexport» компаниясы қолдау көрсетеді. Қырғыз елінің де Қазақстанға шығаратын өнімдері аз емес. Осы орайда, қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдаланамыз деп уағдаластық. Сондай-ақ, азаматтардың шекарадан өтуін жеңілдетуге баса назар аудардық. Жүк тасымалы рәсімдерін жетілдіру жайын пысықтадық. Соңғы жылдары бұл бағытта бірқатар ауқымды іс-шаралар атқарылды. Былтыр «Қордай» бекеті жаңартылып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіле бастады. Басқа да бекеттерді жаңғырту туралы келісімдер бар. Басты мақсат – шекарадағы тексерістерді азайтып, көлік кептелісін жою, – деді Қазақстан Президенті.  

Аталған мәселелерді реттеу үшін Мемлекет басшысы екі цифрлық технологияны енгізудің маңызды екенін атап өтті.

Президент шетел инвесторларының мүддесін қорғау ісі жалғасатынын, бұл жұмыс қазақ компанияларының Қырғызстанға инвестиция салуына оң ықпал ететінін жеткізді. 

Сонымен қатар Қазақстан капиталының қатысуымен Ыстықкөл облысында күн энергиясы станциясын салу жоспарланып отыр. Жобаның құны – 300 миллион доллар.   Қасым-Жомарт Тоқаев су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестіруді келесі маңызды бағыт ретінде атады.

– Біз трансшекаралық су ресурстары ортақ байлық екенін тағы бір мәрте атап көрсеттік. Су тапшылығы мәселесі жылдан жылға күрделеніп келеді. Беделді халықаралық экологиялық ұйымдар осындай болжам жасап отыр. Су келешекте көп болмайды, тапшы болады. Бұл – анық нәрсе. Сондықтан Орталық Азия мемлекеттері бірлескен жұмыстарды қолға алуы қажет. Екі елге ортақ өзендер әрдайым жұртты жақындастыра түсуге дәнекер болуы керек. Қазақстан барлық міндеттемелерін толық орындауға және маңызды жобаларды бірлесе іске асыруға дайын, – деді Мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары