Қазақстанның 8 жоғары оқу орны Қырғызстанда өз өкілдігін ашуы мүмкін
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға іссапар барысында белгілі болды

Қазақстанның сегіз жоғары оқу орны Қырғызстанда өкілдіктерін ашуға ниет білдіріп отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Садыр Жапаровтың шақыруымен Қырғызстанға іссапар барысында белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сегіз жоғары оқу орны Қырғызстанда өкілдіктерін ашуға ниет білдіріп отырғанын атап өтіп, қырғыз студенттері үшін бөлінетін квоталардың саны 50-ге дейін көбейгенін жеткізді.
– Мен өз тарапымнан Қазақстанның қазақ-қырғыз қатынастарын достық, тату көршілік және шынайы одақтастық рухында жан-жақты нығайтудың стратегиялық бағытына берік екенін атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Екі ел президенттерінің кездесулерінде мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға да ерекше мән берілді. Соңғы жылдары рухани байланысты жандандыру бағытында атқарылған көптеген іс-шараның қуанарлық жағдай екені атап өтілді.
– Былтыр Садыр Нургожоұлының Қазақстанға сапары кезінде екі елдің жастарын жақындастыра түсетін бірқатар уағдаластыққа қол жеткізген едік. Соның нәтижесінде бүгін Бішкекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылады. Бұдан бөлек, біз жас ғалымдар үшін түрлі гранттар тағайындадық. Олардың озық ғылыми идеяларына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Мен мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту үшін екі ел зиялыларының форумын жыл сайын өткізуді ұсындым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қырғызстан Президенті өз кезегінде екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
– Мемлекеттеріміз арасында ешқандай саяси қайшылық жоқ. Ең бастысы – осы. Қырғызстан мен Қазақстан күш біріктіре отырып, екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуды, сондай-ақ аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін өңіраралық және халықаралық құрылымдар аясындағы конструктивті ықпалдастықты қамтамасыз ететіні жөнінде айқын түсінік бар, – деді Қырғызстан Президенті.
Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Қырғызстан басшылары 10 құжатқа қол қойды
Мәдени-гуманитарлық байланыстар бауырлас екі халықтың жақындай түсуіне маңызды үлес қосады. Мемлекет басшысы Бішкек қаласының орталығында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткішін ашу жөніндегі шешімі үшін Садыр Жапаровқа алғыс білдірді. Екі ел президенттері бүгінгі келіссөздерден кейін осы монументтің салтанатты ашылу рәсіміне барады.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласында Манасқа ескерткіш қойылатынын айтты.