Жамбыл облысында Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлеріне пәтер берілді
Жамбылдық спортшылар ел қоржының 11 медальмен толықтырған болатын
Жамбыл облысында Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлеріне пәтер берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы жылдың 1 - 15 мамыр аралығында Бразилияның Кашиас-ду-Сул (Бразилия) қаласында өткен XХІV (24) жазғы Сурдлимпиадалық ойындарында Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасының 65 спортшысы спорттың 9 түрінен ел намысын қорғады. Оның ішінде 13 спортшы Жамбыл облысынан аттанған болатын.
Жалпы медальдік есепте 73 елдің арасында Ұлттық құрама 13-орынға тұрақтаса, жамбылдық спортшылар ел қоржынын 11 медальмен толықтырған.
«Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов жаттықтырушылар Ерназар Қонысбаев (еркін күрестен), Александр Ан (таэквондо), Ринат Исмаилов (грек-рим күресі), Аскар Усубалиевті (жүзу) және спортшыларды Алғыс хатпен марапаттап, арнайы сертификаттар табыстады.
Нақтырақ айтқанда, аталған Сурдлимпиадалық ойындарында еркін күрестен екінші орын иеленген Ғабит Есжанов пен Ғасыр Тұрғынбайға, және дзюдодан 2 орынды жеңіп алған Анна Крамороваға 2 бөлмелі пәтердің сертификаты берілді. Ал, таэквондодан үшінші орын иеленген Олжас Рысжановқа, грек-рим күресінен үшінші орын алған Асан Нұржанға, дзюдодан үшінші орын алған Фериде Кара оглыға 1 бөлмелі пәтердің сертификаты тапсырылды», - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек дзюдо, грек-рим, еркін күрестерінен және жеңіл атлетика мен жүзуден түрлі орындардан көрінген спортшылар Айдос Түгелбаев, Эвелина Егембердиева, Абзал Досжанов, Шыңғысхан Әлдибаев, Яна Сибирякова, Руслан Раимбеков, Софья Закутнаяға да естелік сыйлықтар берілді.