Жазушы Торғын Жолдасбекқызы қайтыс болды
Туыс-туғандары мен оқырмандары оны бүгін ақтық сапарға шығарып салады
Жазушы, «Араша», «Кеш қалма» сынды кітаптардың авторы Торғын Жолдасбекқызы ұзақ жылдарға созылған ауыр дертінен кейін дүние салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол 1985 жылдың 17 сәуірінде Алматы облысында туған. Торғынның 10 жасында анасы жүре алмай қалып, көп ұзамай көз жұмады. Ал жазушы 25 жасқа келгенде оның әпкесінен кезіндегі анасының бойындағы ауру белгілері байқала бастайды. Тұқым қуалау мүмкін екенін түсінген олар тексеруден өтіп, анадан қызына берілетін өте сирек кездесетін генетикалық ауруға шалдыққандарын ұғады.
Торғынның әпкесі аурудан бірден қайтыс болса, жазушы тұрмысқа шығып балалы болғаннан кейін аяғы сал болады. «Прогрессивті бұлшықет дистрофиясы» диагнозы қойылып, арбаға таңылған ол қалам мен қағаздан дертіне дауа табады.
Алғашында шағын әңгімелері әлеуметтік желі арқылы таралса, кейін көптің қолдауымен ол өзінің бірнеше кітабын жазып шығарады.
Торғынның артында мектеп жасындағы бір қызы қалды.