Жер заңнамасын бұзғандарға 219 млн теңге айыппұл салынды
Сондай-ақ жалпы алаңы 210 га құрайтын 320 учаске мемлекетке қайтарылды
Былтыр республика бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі уәкілетті органдар жер заңнамасының сақталуы тұрғысынан 2406 тексеру жүргізді, Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек осындай мәліметтерді жария етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексеру барысында 1111 заңбұзушылық анықталған. 1072 жағдайда жер заңнамасын бұзушыларға жалпы сомасы 219,8 млн теңгеге айыппұл салынған.
«2021 жылы анықталған заңбұзушылықтардың: 65,7%-ы жерге мемлекеттік меншік құқығын бұзуға; 1,9%-ы арнайы белгілерді жоюға; 8,6%-ы жерді бүлдіруге; 5,3%-ы жер учаскелерін беру туралы өтініштерді қарау мерзімдерін бұзуға; 18,5%-ы ауыл шаруашылығы жерлерін тиімсіз пайдалануға немесе пайдаланбауға, жерлерді нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбауға және басқаларға келеді», - деді ведомство өкілі.
Бұдан басқа, әкімдіктермен коммерциялық мақсаттарға арналған жерлерде 2019-2021 жылдар аралығында жалпы алаңы 5,2 мың га құрайтын 3,5 мың учаске анықталды. Жер инспекторлары ден қою шараларын қабылдағаннан кейін жалпы алаңы 1,6 мың га құрайтын 1,2 мың учаскені иелері пайдалануға кірісті; жалпы алаңы 210 га құрайтын 320 учаске мемлекетке қайтарылды; жалпы алаңы 3,4 мың га құрайтын 2 мың учаске бойынша жерді мемлекетке қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.