Жаңа заң аясында қоғамдық көлікте кімдер тегін жүре алады

Автор: Еркежан Айтказина

Халықтың әлеуметтік осал топтарына қоғамдық көлікте жүруге жеңілдіктер берілмек

 
Көрнекі сурет: astana.gov.kz

Мәжіліс отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымы қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Соның аясында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына қоғамдық көлікте жүруге жеңілдіктерді беретін нормалар көзделгенін айтты.

«Атап айтқанда, заң жобасы әлеуметтік маңызы бар, сондай-ақ қалалық (ауылдық), қала маңындағы қатынастарда автомобильмен тұрақты тасымалдауда «Алтын алқа», «Күміс алқа» мен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналардың, бірінші топтағы мүгедектердің тегін жол жүру және екіншіден, 15 жастан 18 жасқа дейінгі адамдардың жол жүру құжатының (билеттің) толық құнының елу пайызын төлей отырып, сатып алу құқығын енгізуді көздейді», - деді министр.

Белгілі болғандай, қазір республика бойынша «Алтын алқа» атағы иегерінің саны – 65 022, «Күміс алқа» атағы иегерінің саны – 137 675, «Батыр ана» атағы иегерінің саны – 15 669 және І және ІІ екінші дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталғандар – 12 260 адам.