Биыл ҰБТ «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша өтіп жатыр
ҰБТ - 2022 шілденің бесіне дейін жалғасады
Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде түрлі қитұрқы әрекеттерге жол бермеу мақсатында әрбір компьютердің тұсына 2 камера орнатылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне слітеме жасап хабарлайды.
ҰБТ-ға кіргізу үш деңгейлі жүйе бойынша жүзеге асырылады: Face ID жеке басын сәйкестендіру арқылы, жеке куәлік бойынша, сондай-ақ отырғызу орнында жеке басын сәйкестендіру жүргізіледі.
«Биыл тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша өтеді. Егер бұған дейін тестілеу процесін әр компьютердің жоғарғы жағынан бақылап отыратын бір камера ғана болса, енді тестіленушінің жеке басын сәйкестендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін екінші, фронталды камера орнатылды», - деп көрсетті министрліктің баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда 22 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды.
Сонымен қатар тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 21 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.