«Медициналық пойыздар» шалғайдағы 147 станция тұрғындарына тегін көмек көрсетеді
Медициналық персоналдың құрамында терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, маммолог және басқа да мамандар бар
Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты соңғы екі жылдан бері өткізілмеген «Медициналық пойыздар» жобасы қайта басталды. Бұл жолы қараша айына дейін 150-ге жуық станцияға тоқтап, білікті дәрілерлер халыққа медициналық көмек көрсетеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2010 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан жобаның бірегейлігі шалғайда тұратын қазақстандықтарға көпбейінді мобильді көмектің мүлде жаңа түрінің алғаш рет ұсынылуында болып отыр. Пандемия және әлемдегі эпидемиялық ахуал ушыққанда сапалы медициналық сервиске қол жеткізу неғұрлым өзекті проблема болғаны анық. Осы себепті пойыздар медициналық-санитарлық алғашқы көмек және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетіп, пациенттерді зертханалық әдістермен тексерістен өткізеді, қажет болған жағдайда кішігірім операциялар жасайды, жоспарлы емдеуге жатқызуға жолдама береді.
2022 жылы бүкіл Қазақстан бойынша екі медициналық пойыздың бағдары жоспарланған. Бұл ретте олар, жалпы алғанда, шалғайда орналасқан 147 станцияға баратын болады.
«Жәрдем» медициналық пойызы 23 мамырдан 6 қарашаға дейін 80 станцияны, ал «Саламатты Қазақстан» 20 маусымнан 2 қарашаға дейін 67 станцияны аралайды. Пойыздар жалпы саны 60 000 адамды қамтып, дәрігерлердің қабылдауына келу саны 100 000, диагностикалық емшара 18 000, шағын хирургиялық операция 1200 болса, 8000 адамға стоматологиялық көмек көрсетіледі деп күтіліп отыр.
Медициналық пойыздар бүкіл Қазақстанды аралайды: «Жәрдем» – Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстарына; «Саламатты Қазақстан» Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстарына барады.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі пойыздарды дәрігерлік бригадалармен және қажет жабдықпен қамтамасыз етеді. Медициналық персоналдың құрамында әртүрлі бейіндегі білікті мамандар: терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, офтальмолог, гинеколог, хирург, уролог, маммолог және стоматолог барын атап өткен жөн. Биыл білікті мамандардың қатары психолог және дерматовенерологпен толықты.
Медициналық жабдықтар – жапон және неміс өндірушілерінің өнімі: аппаратура қажет болған жағдайда кеңейтілген жалпы және биохимиялық талдаулар, рентгенография мен флюрография, ішкі ағзалар мен тамырлардың УДЗ-зерттеулерін, электрокардиограмма, гастрофиброскопия және диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлерін жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар биыл стамотологиялық құрылғылар да жаңартылған.