Қостанайда өрттен зардап шеккендерге өтемақы төлеу басталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қостанайда алапат өрттен 13 отбасы үйсіз қалған болатын

фото alau.kz

Қостанайда Набережная көшесіндегі өрттен зардап шеккендер өртенген үйлері үшін өтемақы ала бастады. Жалпы сома бүгін әкімдікте өткен жиында белгілі болды. Ол 150 миллион теңгеден астам соманы құрады. Төлем жердің құнына байланысты белгіленген. Бұл туралы Azattyq Rýhy Алау ақпараттық порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Қостанайдағы алапат өрттен 12 үй толығымен жанып кетті, тағы екі үй  ішінара зардап шекті. 63 адам зардап шеккен деп танылды, оның ішінде 17-сі балалар. Сонымен қатар, 4 көлік өртеніп, тағы екі көлік жартылай зақымданған. Зардап шеккендердің бір бөлігі Қостанай облыстық оңалту орталығына орналастырылды. Мұнда қазір 34 адам тұрып жатыр.

«Алғашқы көмек ретінде тартылған қаражат есебінен әрбір отбасына 200 мың теңгеден төленді, 15 отбасына 754 мыңға азық-түлік жиынтықтары берілді. Әрбір зардап шеккен отбасына 214 мың теңге (70 АЕК) көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұл 3,2 млн теңге», - деді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.

Сонымен қатар өрт салдарынан жойылған мүліктің құнын анықтау жөніндегі комиссия да өз жұмысын аяқтап, өтемақы төлеу басталды.

«Үйлері толығымен өртеніп кеткен 11 отбасына жер телімінің құнын есепке ала отырып, баспана алуға ақша берілді. Нысан бойынша құқық белгілейтін құжаттар пакетінің толық болмауына байланысты өзге меншік иелеріне келтірілген зиянды өтеу мәселесін сот тәртібімен шешу ұсынылды. Қажет болса қатысамыз»,  - деп қосты Марат Жүндібаев.

Бұған қоса қалалық Қоғамдық кеңестің бастамасымен зардап шеккендерге қайырымдылық көмек көрсету үшін арнайы есепшот ашылған. Қазіргі таңда оған 3,4 млн теңге түсті.

Тегтер: