Павлодар облысында мүмкіндігі шектеулі 75 адамның құқығы бұзылған – прокуратура
Қадағалау органы уәкілетті мемлекеттік органның атына заң бұзушылықты жою туралы ұсыну енгізді

Павлодар облысы Железин ауданының прокуратурасы аумақтық мемлекеттік кірістер басқармасының салық заңнамасын қолдануына талдау жүргізіп, заң бұзушылықтарға жол берілгенін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет мүмкіндігі шектеулі адамдарды жекелеген салықтар мен алымдар түрлерінен толық немесе ішінара босатып, оларды қолдауға кепілдік береді.
«Фискалдық органның қызметінде көлік, жер және мүлік салығын есептеу кезінде мүгедектердің құқықтарын бұзуға жол берілгені анықталды. Мысалы, 2019 жылдан бастап аудан тұрғындарының біріне көлік салығы негізсіз есептелген (мүгедектігі туралы мәліметтер болған жағдайда). Жалпы, прокурорлар осы санаттағы 75 адамның құқықтарының бұзылғанын анықтады», деп көрсетті Павлодар облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.