Бұл сұраққа «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары жауап берді
Жеңілдетілген автонесиені алып үлгермегендер банктерге жеке тұлғалардан қаражат түскен бойда қайта өтініш бере алады. Бұл туралы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары ОКҚ-да өткен брифинг кезінде айтты.
«Егер азаматтар автомобильдерді бастапқы кезеңде алуға үлгермеген жағдайда, олар жеке тұлғалардан қаражат түскен бойда бірден қайта өтініш бере алады. Яғни екі айдан кейін жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасына ілігу үшін қайта жүгінуге болады. Жалпы, бұл жолы 10 мыңнан астам автомобиль жаңартылады деп күтіліп отыр», - деді «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибашева.
Бұдан әрі револьверлік механизм бойынша өтеуден түскен қаражат есебінен осы бағдарлама 30 жыл бойы іске асырылмақ.
Сонымен қатар, азаматтар тарапынан түскен шағымдар мен ұсыныстар да ескеріліп, бағдарлама шартына тиісті өзгерістердің енгізілгені белгілі болды.
«Азаматтардың өтініштерінің қорытындылары бойынша екінші деңгейдегі банктерге төлеуге шот ұсыну үшін автомобильдің VIN кодының болуы бойынша талап алынып тасталды», - деді Басқарма төрағасының орынбасары.
Жанар Ибрашева Жеңілдетілген автонесиелеу кезінде тұтынушылар тарапынан КАСКО сақтандыру мәселесіне қатысты да өтініштер келіп түскенін айтты.
«Осыған байланысты Қор азаматтарға түсетін қаржылық жүктемені төмендету үшін қатысушы банктерге жыл сайынғы негіздегі сақтандыру шартын (яғни несиелеудің барлық кезеңіне біржолғы емес түрінде) жіберді», - деді ол.
Сондай-ақ, қазақстандық азамат екі жылда бір рет қана жеңілдетілген автонесиеге ие бола алады.