Қазақстанның кей әскери бөлімдерінде колледж ашылады
Енді мерзімді әскери қызметін өтеп жүргендердің білім алуына мүмкіндік жасалмақ
Білім және ғылым министрі Қорғаныс министрімен бірге мектептерде әскери-патриоттық тәрбие беру, еліміздің әскери жоғары оқу орындарында кадрларды даярлау және әскери қызметтің тартымдылығын арттыру мәселелерін талқылай келе, бірнеше жаңа бастама ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысының әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысын арттыру туралы тапсырмасына орай Білім және ғылым министрлігінің де өте маңызды рөл атқаратынын айта келе, «Еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отансүйгіштікке тәрбиелеу, жастарды алғашқы әскери даярлықтан өткізу және офицерлер даярлау – ол ортақ міндет» деп атап өтті ол өзінің Telegram-арнасында.
Осыған байланысты ведомстволар бірнеше ұсынысты қолға алған. Атап айтқанда:
1. Мерзімді әскери қызметті өткерудің тартымдылығын арттыру үшін әскери борышын өтеген университет және «Кадет» сыныбын бітірген түлектер грант алу үшін 5% квота бөлуді ұсынылды. Бұл – жыл сайынғы 3 000-нан астам грант.
2. Оның үстіне университет түлектері әскери қызметтен өткен жағдайда грантты 3 жыл бойы өтеу мерзімінен босатылады. Қазір мемлекет есебінен оқығандардың барлығына оны өтеу талабы қойылатынын еске сала кетейін. Бұл оқуға түсушілерді ынталандырып, әскери қызметке деген қызығушылықты арттырмақ.
3. Әскери қызметте немесе бітімгершілік және басқа да арнайы операцияларға қатысып, қаза тапқан әскери қызметшілердің балаларына университеттерде оқуға гранттар беру туралы норманы енгізу ұсынылып отыр.
4. Мерзімді әскери қызметін өтеп жүргендердің білім алуына қатысты. Қазір олардың әскери қызметті өткеруіне байланысты білім алуға мүмкіндіктері көп емес. Сол себепті олар үшін жаппай онлайн курстар ашуды жоспарланып отыр.
Асхат Аймағамбетов сондай-ақ Білім министрлігінің сарбаздардың оқу нәтижелерін қайта тексеруге және қысқа мерзімді курстардан өтіп, біліктілік емтиханын тапсырып, оларға жұмысшы мамандығын алғаны туралы диплом беруге дайын екенін жеткізді.
5. Тағы бір маңызды бастама – кейбір әскери бөлімдерде колледждер ашу. Осы мәселе бойынша талдау жүргізіліп, нақты шешім қабылданады.
6. Университеттердегі әскери кафедраларды оңтайландырып, қайта қарауды ұсынылмақ.
Асхат Аймағамбетоа университеттердің жұмысының сапасы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері алаңдататынын айтты.
«Студенттерге нашар білім беріп, сапаны көтеруді ойламайтын әскери кафедраларды жабу қажет деп санаймыз. Сондай-ақ әскери кафедралардың барлық қызметкерін қайта аттестациядан өткізу керек. Оқуға қабылдаудың нақты, ашық және шынайы ережелерін қабылдаған дұрыс», - деп атап өтті БҒМ басшысы.
Сонымен бірге мемлекеттік тапсырыстың құнын арттыру қажет.
7. Сонымен қатар кадет сыныптарының түлектеріне әскери-техникалық бағыттағы ЖОО-ларға қабылдау кезінде квота қарастыру ұсынылады. Жалпы НҚА-да кадет сыныптарының жұмысы регламенттеледі. Қазір елімізде жалпы білім беретін мектептердің кадет сыныптарында 22 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Оқу бағдарламалары, ынталандыру пакеттері және басқа да мәселелер Қорғаныс министрлігімен бірлесіп шешіледі.
8. «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәні бойынша оқу бағдарламасы тәжірибеге бағытталған білім мен машық алу бағытында жаңартылып жатыр.
Қорғаныс министрлігінен 5 күндік әскери-дала оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін оқу полигондарын беру мәселесі айтылған. Бұл «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәнінің бағдарламасында бар.