Кездесуде алдағы референдумның мән-маңызы жан-жақты талқыланды
Алдағы референдумның мәнін халыққа жан-жақты түсіндіру мақсатында бүгін бір топ Мәжіліс депутаттары Шымкент қаласына барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«AMANAT» фракциясының мүшелері Берік Оспанов, Берік Бекжанов, Фахриддин Қаратаев, Ғани Ташқараев қалалық балалар клиникалық ауруханасында дәрігерлермен кездесу өткізді.
Жиында алдағы референдумның мән-маңызы жан-жақты талқыланды.
«Ата заңымызды түзету арқылы барлық салада, атап айтсақ, саяси, экономикалық, әлеуметтік жүйеде біраз өзгеріс болады. Оған референдум арқылы халықтың үн қосуы маңызды деп есептеймін», – деді Берік Оспанов.
Өз кезегінде Ғани Ташқараев референдум әр қазақстандыққа жеке таңдау жасауға, мемлекеттің басты құқықтық құжатын тұрғындардың өздері қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұдан бөлек депутаттар науқан кезінде дауыс беру тәртібін түсіндірді.