Екі жылдық пандемия: Қазақстан коронавируспен қалай күресті, қанша қаржы жұмсады және кімдер «байыды»?
Соңғы екі жылдағы елді дүрліктірген оқиғаларға шолу

Екі жыл бұрын коронавирус індеті алғаш тіркеліп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан 2020 жылдың наурыз айында пандемия жарияланған еді. Қауіпті індеттің алғашқы жылында әлемде 118 миллионнан астам адам індетке шалдыққан болса, бүгінде олардың саны 452 млн-нан асып жығылды. Қазақстан аумағында соңғы екі жылда 1 млн 400 мың адам қауіпті дертке шалдыққан. Осынау қиын кезеңді қазақстандықтар қалай өткерді? Azattyq Rýhy тілшісі соңғы екі жылдағы елді дүрліктірген оқиғаларға шолу жасап көрген еді.
ПАНДЕМИЯ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?
Қазақстанда коронавирус жұқтырған алғашқы адам 2020 жылдың 13 наурызында тіркелді. Елде қауіпті індеттің таралу деңгейін төмендету мақсатында 16 наурыз бен мамыр айының 11-іне дейін төтенше жағдай режимі енгізіліп, қазақстандықтар алғаш рет үйден шықпай, қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болды. Қатаң карантин шаралары қолға алынып, көптеген бизнес және сауда орталықтарына жұмысын тоқтатуға тура келген еді. Ел арасында коронавирусқа сенбеушілердің басым болуы, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің жағдай тұрақты деп жайбарақат отыруынан жазға салым жағдай күрт нашарлады. Тіпті күніне мыңдаған адамнан қауіпті індет анықталып, ауруханалардың аузы-мұрнына дейін науқасқа толып қалды. Пандемияның алғашқы кезеңінде елде маска, антисептик және парацетамол сынды қажетті дәрілік препараттар мен вирустан қорғану заттарының тапшылығы ерекше сезіліп, наразылық күшейе түсті. Мәселен, 20-25 теңгелік медициналық масқалар 100-200 теңгеге дейін сатылған деректер кездесіп жатты.
ПНЕВМОНИЯ ҚҰРБАНДАРЫ
Жаз айларында Қазақстан коронавирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар саны жағынан Орталық Азияда бірінші орынға шықты. Денсаулық сақтау министрлігі науқастар мен өлімнің көбею себебін вакцина алмағандардың көп болуымен байланыстырды. Тағы бір айта кетерлік жайт, коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар COVID-19 статистикасынан бөлек есептелді. 2021 жылдың 1 тамызынан бері 83,2 мың адам ковидтектес пневмониямен ауырып, 5,1 мың адам қайтыс болған.
Билік «коронавирустың жанама әсерінен» қайтыс болғандарды негізгі статистикаға осылайша кіргізбейді.
Соңғы мәліметтер бойынша, елімізде короновирустан жалпы 13 661 адам қайтыс болған. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талдауында коронавирус жұққаны расталса, оқыс жағдайдан (травма) басқасының бәрі COVID-19 өліміне жатқызылуы тиіс.
«СҚ-ФАРМАЦИЯ» ДАУЫ
Алдымен дәрі-дәрмек тапшылығы, ПТР талдауының жоқтығы, ауруханадағы ахуалдың қиындауы қор жұмысына шағымды көбейте түсті. Бұл орайда сарапшылар «СҚ-Фармация» елде індет өршігенде дәрі-дәрмек тапшылығын дер кезінде реттей алмады» деп санайды. 10 шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) мен елдегі дәрі-дәрмек жүйесін реттейтін «СҚ-Фармация» компаниясы басшылығын «босатуды» тапсырған еді. Кейін ӘМСҚ басшысы Айбатыр Жұмағұлов пен «СҚ-Фармация» басшысы Берік Шәріп қызметінен кетті. Айбатыр Жұмағұловтың әйелінің «күйеуінің өзіне 12 көлік сатып әпергені» жайлы посты да дауды одан әрмен өршітті.
Коррупцияға қарсы қызмет Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен «СҚ-Фармация» компаниясына қатысты тергеу бастағанын хабарлады. Ведомство Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) «қызмет көрсетуді сатып алу құнын көтеріп, ақша жымқырды» деп күдіктенеді. Ал «СҚ-Фармация» компаниясының (дәрі-дәрмекті жеткізуге жауапты дистрибьютер – ред.) шетелден келген гуманитарлық көмектерді қалай бөлгенін тексеріп, жемқорлық күдігі бойынша тергеу жүргізбек.
Белгілі болғандай, 6 қыркүйекте елорданың апелляциялық соты «СҚ-Фармация» ЖШС бұрынғы басшысы Берік Шәріпті ақтау үкімін бұзып, үш жыл алты айға бас бостандығынан айырды.
224 МЕДҚЫЗМЕТКЕР ҚАЙТЫС БОЛДЫ
Қазақстанда коронавируспен күреске 17 мыңнан астам дәрігер атсалысты. Арасында қызмет барысында індет жұқтырып, қайтыс болған дәрігерлер де бар. Ресми дерекке сүйенсек, республика көлемі бойынша 224 медқызметкер қайтыс болған. Үкімет медицина қызметкерлерінің туыстарына өтемақы ретінде әрқайсына 10 млн теңгеден өтемақы берілгенін айтады.
Еліміздегі медицина мамандары 3 арнайы топқа жіктеліп, оларға пандемияның алғашқы жылында 116 млрд теңге мөлшерінде үстемеақы төленді. Бұдан бөлек, КВИ жұқтырған 9 мыңнан астам ақ халаттыларға арнайы әлеуметтік төлем берілді.
ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУ
COVID-19 дағдарысы білім саласында онлайн оқыту жолдарын қарастыруға мәжбүрледі. Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2020 оқу жылына дайындық туралы «интернет платформалар мен теледидарды пайдалана отырып, қашықтан оқыту форматында 2,6 млн оқушы (79%), кезекші сыныптарда 530 мың бала (17%), штаттық түрде ауылдарда 157 мыңнан астам оқушы (4%) білім алады деп отырмыз» деп мәлімдеді. Сонымен қоса, шалғайдағы орта мектептер оқуды дәстүрлі режимде бастайнын және республика бойынша 185 мың білім алушының компьютері жоқ екенін айтты. Тапшылық көпбалалы, аз қамтылған отбасыларда байқалған. Осы себепті ел Үкіметі аса мұқтаж отбасылардың балаларына пайдалану үшін 500 мыңға жуық компьютерді беруді қамтамасыз ететінін мәлімдеді.
Мәселен, 2020 жылы Нұр-Сұлтанда оқу жылы қарсаңында аз қамтылған отбасыдан шыққан әрбір оқушыға мектеп құралдарын сатып алу үшін бюджеттен 680 млн теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Шымкентте көмекке мұқтаж 35 798 баланы толық қамту мақсатында республикалық бюджеттен 4,8 млрд теңгеге 31 160 компьютер сатып алуға сұраныс жіберілді. Ал ШҚО-да қашықтықтан оқыту кезінде әрбір оқушы тегін оқулықтармен қамтамасыз ету үшін 1,5 млн дана оқу материалдарын сатып алуға шамамен 1,6 млрд теңге бағытталды.
Өкінішке қарай, аймақтарда білім беруге бөлінген қыруар қаражатқа қол сұққан шенеуніктер де анықталды. 2021 жылы Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова мен облыстық білім беру саласындағы ғылыми-тәжірибелік ақпараттық технологиялар орталығының директоры Арапби Меңлібаев ұсталды. Сыбайласқан топ бірнеше жеке кәсіпкермен келісім жасап, жалпы сомасы 406 млн теңге бюджет қаржысын жымқырған. Бұл қызметі үшін лауазымды тұлға 37 650 000 теңге пара алу кезінде тұтқындалды.
БІРТАНОВ ІСІ
Коронавируспен күрес кезінде 2020 жылы министр Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішев те істі болды. Тергеушілердің айтуынша, экс-министр Біртанов пен орынбасары екеуі жұмыс істемейтін ақпараттық платформаны «қабылдаған». Тергеу органы – Қазақстанның қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, мемлекетке 1,5 миллиард теңге көлемінде шығын келтірілген. Бірақ Біртанов барлық айыптарды жоққа шығарды. Қазір Елжан Біртанов пен бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің қылмыстық ісі Сарыарқа аудандық №2 сотының қарауында.
ПАНДЕМИЯ СОҢЫНДА САЛЫНҒАН PFIZER
Елде вакцина салу науқаны да даумен басталып, даумен аяқталды. Қазақстанда коронавирусқа қарсы 3 вакцина: «Спутник V», «Синофарм», «QazVac» қолжетімді болды. Ал АҚШ-тың Pfizer вакцинасы жасөспірімдер мен жүкті әйелдер, бала емізетін аналарға ғана салынды.
Сарапшылар «Спутник V» вакцинасының кең таралуын Қайрат Боранбаевпен байланыстыратын. Себебі аталған вакцинаны Қазақстанда өндіруге сертификатталған «Қарағанды фармацевтика кешені» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы – «НеоТекФарм» ЖШС-нің құрылтайшысы Боранбаев. 2022 жылы 15 наурыз күні Қайрат Боранбаев ұсталып, 17 наурызда 2 айға қамауға алынды. Тура бір аптадан кейін, яғни 24 наурыздан бастап, барлық қазақстандықтар үшін Pfizer вакцинасы жаппай қолжетімді бола бастады. Өзбекстан мен Қырғызстанның өзі Pfizer вакцинасына бізден бұрын қол жеткізіп үлгерді. Шетелге шыға алмаған қазақстандықтар мен «Болашақ» бағдарламасының студенттері көрші Бішкекке барып екпе салдырып, әуре-сарсаңға түсті.
Соңғы мәліметтер бойынша, елімізде Pfizer вакцинасын еккен адамдардың саны 1 миллионнан асты. Қазір тәулігіне орта есеппен 15 мың адам екпе алып жатыр.
894 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ
Сонымен Қазақстанда індетпен күресуге 2020-2022 жылдар аралығында 894 миллиард теңге бөлініпті. Бұл туралы күні кеше брифингте Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. Оның айтуынша, 2020 жылы індетпен күресуге бюджеттен 252 миллиард теңге жұмсалған. Қаржының 28 миллиарды – дәрі-дәрмек, қорғаныс құралдарын, медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуға бағытталды. Ал 197 млрд теңге дәрігерлерге қосымша төлемдерге, іссапар шығындарына, негізінен СЭС қызметкерлеріне жұмсалды.
«Сонымен қатар, сақтандыру қоры арқылы халыққа медициналық көмек көрсетуді төлеуге 20 миллиард теңге бөлінді, оның бес миллиард теңгесі Дүниежүзілік банктен вентиляторларға бөлінді», - деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният брифингте.
Министрдің айтуынша, 2021 жылы індетпен күресуге 556 миллиард теңге жұмсалды.
Сондай-ақ 2022 жылы коронавирусқа қарсы іс-шараларға 86 миллиард теңге бөлініп отыр. Оның 9 миллиарды – VeroCell және QazVaq вакциналарын сатып алуға, 20 миллиард теңгесі – өткен жылы Pfizer сатып алуға жұмсалды.
Айтпақшы, 2020 жылдан бері коронавирус жағдайы туралы ресми мәлімет тарататын Телеграм арнасы алдағы маңызды науқан – референдумға арналған арна болып атын өзгертті. Ал ДСҰ мен ғалымдар коронавирустан қашан арылатынымызға қатысты нақты болжамдарды айта алмай отыр. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, вакцинациялау және ревакцинациялау инфекциядан қорғанатын жалғыз жол болып қала бермек.