Өрттің шығу себебі анықталу үстінде
Қостанай қаласында өрт сөндірушілер өртеніп жатқан үйден әйел адамды алып шықты. Бұл туралы Қостанай облыстық ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
19 мамырда сағат 16: 22-де Қостанай қаласында Жамбыл көшесіндегі жеке секторда үй өртенді. Өрт сөндірушілер сағат 16:28-де оқиға орнына келіп жетіп, аталған мекен-жайда үйдің мансарды шатырымен қоса өртеніп жатқанын анықтады. Жалын 100 шаршы метрді шарпып үлгерген.
«Өрт сөндіру кезінде үйге жапсарлас орналасқан шаруашылық сарайынан 36 жастағы әйел табылып, құтқарылды. Өрт сөндірушілер әйелді көтеріп шығып, жедел жәрдемге тапсырды. Құтқарылған адам перинаталдық орталыққа жатқызылды, алдын ала қойылған диагноз – жеңіл дәрежедегі улы газбен улану», - делінген хабарламада.
Ведомстваның мәліметінше, өртті сөндіруге жеке құрамнан 18 адам және бес техника жұмылдырылды. Өрт сағат 17:06-да толықтай ауыздықталды. Құрбан болғандар жоқ. Өрттің шығу себебі анықталу үстінде.