«Жаңа қозғалтқыштардың орнына ескілері жеткізілген»: Семей машина жасау зауытының басшылығы 1 млрд теңге жымқырған

Автор: Azattyq Rýhy

1985-2012 жылдары шығарылған қозғалтқыштар жеткізілген

Қаржылық мониторинг агенттігі Семей машина жасау зауытында бір миллиард теңгенің ұрланғанын анықтады. Онда танктерге арналған жаңа қозғалтқыштардың орнына ескі қозғалтқыштар жеткізілген. Бұл туралы Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«ШҚО бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің аумақтық департаменті «Семей машина жасау зауыты» АҚ лауазымды тұлғаларының бір миллиардтан астам теңге ұрлағанын анықтады.

Ұрлық ісі қосалқы бөлшектердің құнын арттыру арқылы бұрынғы танктерге арналған қозғалтқыштарды, сондай-ақ танк шлемофондарын елдің түрлі әскери бөлімдеріне жеткізу арқылы жүзеге асырылған», - делінген хабарламада.

Тергеу барысында зауыттың бас директорының бірінші орынбасары К.Р. Сүлейменов танктерге арналған жаңа қозғалтқыштардың орнына 1985-2012 жылдары шығарылған қозғалтқыштарды жеткізуді әдейі ұйымдастырғанын анықтады.

Семей сотының үкімімен Сүлейменов кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.