$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда иісшіл иттер қалай таңдалып, қызметке үйретіледі

Қызметтік иттердің арасында бельгиялық овчарка ең үздік деп танылған

Қазақстанда иісшіл иттер қалай таңдалып, қызметке үйретіледі

Елордалық кинология қызметі бүгінде әдеттегі бельгиялық және неміс овчаркаларынан бөлек, қазақ төбеттерін де қызметке пайдаланып келеді. Олар көбіне күзет қызметін атқаруға қолданылады. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығы бастығының орынбасары Рауан Дәулетов Azattyq Rýhy тілшісіне иттердің бүгінде қандай талаптарға сай бапталатынын айтып берді.

Қазір орталықта 50-ден аса ит бар. Олар бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Атап айтқанда жануарлар есірткі іздеу, жарылғыш зат іздеу, із кесу бойынша жұмыс істеу, одорология бағыттарында пайдаланылады. Аталғандардың ішінде ең негізгі бағыт – із кесу бойынша жұмыс істеу. Яғни ұрлық, тонау, адам өлтіру сынды қылмыстардың бетін ашуға көмектеседі.

«Бізде көбіне бельгиялық және неміс овчаркалары пайдаланылады. Неге десеңіз, белгиялық овчаркалар дүниежүзі бойынша, әсіресе Еуропа елдері арасында үздік деп танылған. Сол себепті көп елдер дәл осы иттің түрін қолданады. Сол сияқты бізде ротвейлер және қазақтың 3 төбеті де бар», - дейді Рауан Дәулетов.

Маманның айтуынша, итті әдетте екі жасқа дейін бейімдеуге болады. Ал ол жастан өтіп кеткен жануарды иіс іздеуге немесе әлденеге үйрету қиындау.

«Итті күшік кезінен, яғни тоғыз айынан екі жасқа дейінгі аралықта үйретуге тырысамыз. Егер де күшік осы жерде туған болса, оны бір айдан кейін ақырындап дайындай бастаймыз. Яғни мойнына қарғыбауын тағып, әлеуметтік ортаға үйретеміз. Нақтырақ айтқанда, қоршаған ортадан қорықпауға баулимыз. 4-5 айдан кейін ол иттің қандай бағытта жұмыс істеуге бейім екендігін аңғаруға болады. Бірі есірткі іздеуге, басқасы жарылғыш заттарды табуға қолайлы, тағы бірі шабуылшы болуы мүмкін», - дейді полиция майоры.

Мұндағы иттердің тұқымдары бір болғанымен, мінез-құлықтары әртүрлі. Әдетте кинологтар оларды темпераменттеріне қарай үлестіреді.

«Көбіне холерик иттер жақсы жұмыс істейді. Қандай да бір команданы орындау кезінде олардың қабілеттеріне мән береміз. Өйткені ол ит холерик болғанымен, кейде өз-өзін ұстай алмауы мүмкін. Мәселен жарылғыш зат іздеу барысында объектіні тапқан кезде ит артық әрекет жасамауы тиіс, тіпті үрмеуі де керек. Сол себепті жарылғыш зат іздеген кезде немесе одорология барысында сангвиник иттердің жұмыс істегені тиімді. Ал есірткі іздеген кезде ит барынша белсенділік танытып, үріп, жерді қазып белгілер беруі тиіс. Мұндайда әдетте холерик иттерді пайдаланамыз. Бірақ кей иттер холерик боғанымен нерв жүйкелері әлсіздеу болуы мүмкін. Сол үшін шабуылшы иттердің қатарына жүйкелері мықты иттер таңдалады», – дейді Рауан Аханұлы.

Бір қызығы мұнда бұйрық бойынша иттер үшін деликатес саналатын сүйектер берілмейді екен. Алайда аракідік кинологтар жануарларды еркелетіп тұрады екен.

«Қазіргі бұйрық бойынша күніне екі мәрте құрғақ тағаммен тамақтандырамыз. Техникалық талаптар бойынша онда жануардың ағзасына қажетті барлық қоспалар бар. Тамақтың көлемі иттің салмағына қарай беріледі. Мәселен 40 келіге дейінгі жануарға күініне 500 грамм тамақ берілуі керек. Ол аз сияқты болып көрінуі мүмкін. Бірақ ол жеткілікті. Негізі сүйек бермейміз. Десе де арасында еркелетіп, мүжуге келетін сүйектерді беретін кездер болады. Айта кететін жайт жілік сүйегін беруге тыйым салынған. Өйткені ит ішегіне зақым келтіріп алуы мүмкін», - дейді Рауан Аханұлы.

Орталықтағы ветеринар дәрігерлер күнара таңертең тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Жануарларға жылына екі мәрте вакцина салынады. Сонымен қатар, ай сайын иттердің салмақтары өлшеніп, медициналық шаралар өткізіледі. Осылайша олардың жұмыс істеу қабілеттері бақыланады.

Ал қартайып, жұмыс істеу қабілеті жарамсыз болған иттер есептен шығарылады. Бұл орайда жануарлардың арғы тағдыры әр кезде әрқалай болып жатады.

«Негізі 8 жастан кейін иттерді жіті бақылауға аламыз. Олардың қабілеттері жұмыс істеуге қаншалықты жарамды екенін тексеріп отырамыз. Иттің денсаулығы сыр бере бастаған кезде бұйрық бойынша оны есептен шығарамыз. Бұл ретте сол итпен бірге жұмыс істеген кинологқа оны өзінің қарауына алып кетуге мүмкіндік береміз. Өйткені кинолог пен ит бір-біріне бауыр басып қалады. Бірақ кейбір иттерді беруге болмайды. Мәселен оның көзі көрмей қалса, ол қоғамға қауіп төндіруі мүмкін. Ондай кездерде итті «ұйықтатуға» тура келеді. Дегенмен бұл өте сирек болатын жағдай, көбіне кинологтар иттерді өздеріне әкетіп жатады», - дейді Рауан Дәулетов.

Кинологтар қызметтік иттерді үйрету үшін Павлов тәсілдерін қолданады. Бұдан бөлек, отандық мамандар шетелдік әріптестерімен де тәжірибе алмасып тұрады.

«Мәселен 2015-16 жылдары ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің алдында біздің кинологтар Австрияға 3 айға оқуға барып келді. Сондай-ақ, сол жерден иттер алып, оларды жарылғыш заттарды іздеуге үйретті. Ол иттер әлі де осында пайдаланылып жүр. Осылайша австриялық тәсілдерді де жүзеге асырып жүрміз. Сонымен қатар, мамандар Украинаға тренингке барып келді. Жалпы иттерді үйрету жағынан көп айырмашылық жоқ, тек ұсақ-түйек жаңашылдықтар бар», - дейді полиция майоры.

Еліміздегі қызметтік иттердің аттары әдетте өзге тілден алынған. Бірақ полиция майоры Рауан Дәулетов бұл қоғамның талқысына түсетін даулы мәселе еместігін айтады.

«Егер бізде туған иттер болса, олардың аттары алфавит бойынша қойылады. Яғни бір кезеңде туылған күшітерге «а» әрпінен басталатын аттар берілсе, кейінгілеріне «б» әрпінен басталатын аттар қойылады. Осылай жалғаса береді. Ал Алматының кинология орталығынан келген ит болса, оларға сол жақта берілген аттары қолданылады.

Бір жылдары бізге «неге қазақша ат қоймайсыңдар?» деген шағымдар түсті. Содан басшымыз қазақша ат қояйық деп шешті. Сол сәтте «ж» әрпінің кезегі келіп тұрды. Содан біздің орталықта  «Жұма», «Жеңіс» деген иттер пайда болды. Бірақ оған байланып қалған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Бастысы иттердің қызмет барысында нәтиже беруі маңызды», - дейді Рауан Дәулетов.

Серіктес жаңалықтары