Көкшетауда есірткі заттарын жасырумен айналысқан Қызылорда тұрғыны ұсталды

Azattyq Rýhy

Күдіктіні тінту кезінде одан «пиралерон» тәркіленді

Көкшетауда есірткі заттарын жасырумен айналысқан Қызылорда тұрғыны ұсталды
Ақмола облысы ПД

Көкшетауда синтетикалық есірткі заттарын жасырумен айналысқан Қызылорда қаласының 22 жастағы тұрғыны ұсталды. Бұл туралы Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Департамент мәліметінше, күдікті 14 мамыр күні Қопа көлінің жағасында қолға түсті.

«Көкшетауда синтетикалық есірткі заттарын жасырумен айналысқан Қызылорда қаласының 22 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдіктіні тінту кезінде одан ақ түсті ұнтақ тәрізді 50 полиэтилен бумаға салынған синтетикалық есірткі заты «пиралерон» тәркіленді. Табылған заттың салмағы шамамен 40 грамды құрайды», - деді ведомстводан.

Сонымен бірге, полиция қызметкерлері күдіктінің ұялы телефоны арқылы есірткі заттарын салатын орындардың геолокациясын көрсете отырып, фотоесептер жүргізгенін анықтады. «Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәркіленген заттар сараптамаға жіберілді. Белгілі болғандай, күдікті Ақмола облысына бірнеше ай бұрын Қызылорда қаласынан келген. Ол еш жерде жұмыс істемейді және оқымайды», - деп толықтырды ведомстводан.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.