Алматы зообағында Гималай атты аю тұңғыш рет төлдеді

Автор: Azattyq Rýhy

Кішкентай қонжық 18 қаңтарда туған

Фото: ашық дереккөзден

Алматы зообағында Гималай аюының тұңғыш төлі өмірге келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy зообақтың әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап.

Қонжықтың Яшин мен Уссури есімді ата-анасы өткен жылдың мамыр айында Ресейден Алматы зообағына әкелінген. Зообақтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл – аюлар жұбындағы тұңғыш төл.

"Біз бұған ерекше қуаныштымыз. Кішкентай қонжық 18 қаңтарда туған. Бес айдай ол анасымен арнайы бөлмеде тұрды. Осы кезеңде біз анасы мен қонжықты мазаламадық. Уссури өз қонжығына ерекеше мейірім көрсетіп, өсіріп келеді. Қонжық өсіп, жетіліп, күш-қуат жинаған соң ғана олар үлкен қоршауға ауыстырылды. Келушілер қонжықты сол жерден көре алады", – деді зообақ қызметкерлері.

Зообақтың баспасөз қызметі қонжыққа енді жақсы есім қою үшін әлеуметтік желіде оқырмандардан жақсы нұсқаларды жазып, ұсыныс-пікірлер қалдыруды сұрады.

"Жақсы қойылған атты жыртқыштар бөлімінің аюларға қарайтын мамандары таңдап алады. Нәтижесін бірер күннен соң сторисімізде жариялаймыз", – деп хабарлады зообақтың баспасөз қызметі.