$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

СҚО-да түлектерге мұғалімге сыйлық жасап, мейрамханада кеш өткізуге тыйым салынды

Биыл өңірде 3 мыңнан астам бала 11 сыныпты аяқтамақ

СҚО-да түлектерге мұғалімге сыйлық жасап, мейрамханада кеш өткізуге тыйым салынды
Фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлектерге соңғы қоңырау мерекесін тойлауға тыйым салынды. Сонымен қатар, мұғалімдерге сыйлық жасауға да рұқсат жоқ. Бекітілген талаптарға сай аттестат алу кеші мектептерде және білім беру ұйымының күшімен ұйымдастырылуы тиіс, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Мектеп бітіруші түлектерге қатысты тыйым жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасының жетекшісі Нәзір Жәшібеков хабарлады. Екі жылдық пандемиядан кейін соңғы қоңырау мерекесі дәстүрге сай ұйымдастырылмақ. Салтанатты шараға мерекелік агенттік өкілдері мен аниматорларды шақыруға тыйым салынды.

«Аттестаттарды салтанатты тапсыру 16-17 маусым аралығында өтеді. Аталған іс-шараға мектептің педагогикалық ұжымы, түлектер, түлектердің ата-аналары, педагогикалық еңбек ардагерлері, Қамқоршылық кеңес мүшелері, патронаттық ұйымдардың өкілдері, жергілікті атқарушы органдар қатыса алады. Оқу бітіру іс-шаралары мектеп қабырғасында және білім беру ұйымының күшімен өткізілуі тиіс. Мерекелік дастархан жаюға, мектеп әкімшілігі мен педагогтарға сыйлық жасауға ақша жинауға, ойын-сауық мекемелерінде іс-шара ұйымдастыруға тыйым салынады», - деді Нәзір Жәшібеков.

Биыл өңірде 3 мыңнан астам бала 11 сыныпты аяқтамақ. Оның 2500-ден астамы ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген. 

«Қазіргі уақытта Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру - бұл жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі. Ол электрондық, яғни компьютерлік форматта өтеді. Бұл ҰБТ-ға қатысушылар үшін барлық рәсімдердің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Жоғары оқу орындарына түсу және грант тағайындау конкурсына қатысу үшін түлектерді тестілеу мерзімі 16 мамырдан 5 шілдеге дейін белгіленді. ҰБТ-ға өтініштерді тіркеу 28 сәуірден бастап, 14 мамырға дейін өткізілді.  Оған түлектердің 74,3 пайызы қатысады. Түлектер ҰБТ тапсыру күні мен уақытын өз беттерінше анықтады», - деді  облыстық білім басқармасының жетекшісі Жәшібеков.

Эльмира Мәмбетқызы

Серіктес жаңалықтары