Жыл сайын елімізде мал азығы қажетті нормадан 2 есе аз дайындалады
Соның салдарынан мал шаруашылығының дамуы кенжелеп тұр
Елімізде мал шаруашылығының дамуы кенжелеп тұр. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, құс етіне, терең өңделген ет пен сүт өнімдеріне импорттық тәуелділік бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство басшысының айтуынша, аталған саланы дамытуға жем-шөптің жеткіліксіздігі кедергі болып отыр дейді. Жыл сайын елімізде мал азығы қажетті нормадан 2 есе аз дайындалады екен.
«Азық базасын қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында былтыр министрлік жем-шөп өндіру саласын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасын әзірледі. Алайда жергілікті жерлерде онда көрсетілген шараны жүзеге асыру бойынша әлі де жүйелі жұмыс жүргізілмейді. Мал шаруашылығын дамыту үдерісі жем-шөп базасы ескерілмей жалғасып отыр», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.
Мамандар тапшылығы да мал шаруашылығының дамуына тұсау болып отыр. Қазіргі таңда ветеринарлардан бөлек, технологтар мен мал өсірушілер, оның ішінде өнеркәсіптік құс шаруашылығында кадр жетіспеушілігі өте өзекті.
«Мал шаруашылығын білікті мамандармен, ең алдымен ветеринарлармен және зоотехниктермен кадрлық қамтамасыз етуге назар аудару қажет. Бұл жерде әңгіме жоғары білімі бар мамандар туралы ғана емес, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын колледж даярлайтын орта буын мамандары туралы да болып отыр. Сондай-ақ біздің алдымызда «Дипломмен ауылға» бағдарламасын күшейту және кеңейту арқылы ауылдық жерлерде кадрды бекіту мәселесін шешу, оның нормаларын орта буын мамандарына да тарату міндеті тұр», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.