$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Егістік тұтастай қурап кетуі мүмкін»: Түркістан облысында диқандар дабыл қақты

Олар су басындағы маман мен ауыл әкімі тек қалағанына су береді дейді

«Егістік тұтастай қурап кетуі мүмкін»: Түркістан облысында диқандар дабыл қақты
Фото ашық дереккөзден

Түркістан облысының Жүйнек ауылындағы егістік тұтастай қурап кетуі мүмкін. Осылай деп дабыл қаққан диқандар еккен бидай мен жүгерімізге келетін ағын су мүлде тоқтады деп отыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Диқандардың айтуынша, "Коммуна-Ораңғай" арығынан егістіктерге жіберілетін суды бөлуге жауапты маман, ауыл әкімімен ымыраласып қалағанына су беріп, жақтырмағанын тіршілік нәрінен қағып отыр екен. Осылай жалғаса берсе, бірнеше күнде егістік қурап, маңдай теріміз еш кетуі мүмкін дейді диқандар.

Жүйнек ауылының диқандарын су тапшылығынан егістіктің қурай бастағаны ашындырып отыр. Олар су басындағы маман мен ауыл әкімі тек қалағанына су береді дейді. Сондықтан, кей шаруалар бірде бір рет су келмеген алқаптарды тастап кетуге мәжбүр болыпты. Ал қаржы жұмсап қойған егістік үшін күресеміз деп бекінгендер, ағын суға жауаптылардың әрекетінде алалау да, бағаны көтеріп сату да бар дейді. Әрі суды бөлуді әкім басқарады деп топшылайды. 

Ауыл әкімдігінде сұхбат бермек болған суға жауапты маман кейін сөзінен тайқып, төбе көрсетпеді. Ал су мәселесіндегі сұрақтың барлығын "бір өзі шешеді" делінген әкім, суға жауапты маманды халықтың өзі сайлады деді. Әрі суды тек "таңдаулыларға" береді дегенді жоққа шығарды. Айтуынша, тіршілік нәрі реті мен кезегіне орай барлық диқанға беріледі. Ал шу шығарып жүргендердің түпкі ойында, ағын судың тапшылығынан гөрі суға жауапты маманды ауыстыру мүддесі бар болуы мүмкін дейді.

 «Шаруаларда наразылық туындап жатқан себебі 200 гектардай суармалы жерге су жетпеді. Себебі қазіргі таңда су таратушы «Тұран-Су» мекемесі 10 күнге су жіберуді тоқтатты. Су деңгейінің тоғаннан төмендеуіне байланысты су жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді Жүйнек ауылының әкімі Жолдас Мырзабеков.

Тауға қардың аз түсуі себебінен қоймаларға да су аз келіп жатыр. Сондықтан судың деңгейін көтеру су мекемесі тарапынан жасалатын мәжбүрлі әрекет деді. Он күнде су қайта берілсе, су ішпеген егістіктерге жеткізуді қадағалаймыз деп сендірді.  

Серіктес жаңалықтары